IT салыстырмалы түрде жаңа сала болғандықтан, бұл салаға қатысты ел аузында түрлі стереотип пен аңыз жүреді. Оның ішінде гендерлік бөліну де, математикадан нашар адам бағдарламалаушы бола алмайды дегендей таптаурындар да бар. Бүгінгі материалымызда осы сынды аңыздарды жинап, жоққа шығарамыз. Мансап бастауға кедергі келтіріп жүрген стереотиптерді талдайық.
- IT-маман деген — код жазатын адам
Мұны IT-компаниядағы басқа мамандар естісе, ренжиді. Өйткені бұл салада аналитиктер, тестілеушілер, продакт және проджект-менеджерлер, дизайнерлер және т.б. жұмыс істейді. Расында IT – түрлі бағыттағы мамандарды тоғыстыратын сала. Өйткені бір ғана бағдарламалаушы барлық жұмысты бір өзі атқара алмайды. Мысалы UX/UI-дизайнер интерфейсті барынша түсінікті, әдемі әрі қолайлы етіп жасаумен айналысады. Ал тестілеуші болса, бағдарламалаушылардың жасаған жұмысын сынақтан өткізеді. Интернет-маркетолог жарнама кампанияларын ұйымдастырса, проджект-менеджер барлығының уақытылы әрі жоспарланған бюджет бойынша жасалуын қадағалайды. Kursiv Media IT-дегі түрлі мамандыққа шолу жасап, міндеттері, жалақысы туралы жиі жазады.
- Мұнда ер адамдар ғана жұмыс істейді
Кейінгі кездері бұл таптаурын біртіндеп бұзылып келеді. Бірақ әлі күнге дейін осылай ойлайтындар табылады. Иә, әйелдердің үлесі азырақ болуы мүмкін. Бірақ бұл әйелдерге IT-де орын жоғын білдірмейді. Мәселен Орталық Азиядағы технологиялық индустрияларында жұмыс істейтін әйелдердің басын қосатын Technowomen ұйымы бар. Дижитал әлемде қыздар мен әйелдерге жаңа мүмкіндіктер ашуға көмектеседі. Ал алпауыт америкалық технологиялық Big Tech (Google, Amazon, Facebook*, Apple, Microsoft) компанияларда жұмыс істейтін қыздардың үлесі 45 пайызға жетеді.
- Бағдарламалаушылар техниканы «шашады»
«Айтишниксің ғой, принтерімді жөндеп берші. Тоңазытқышым бұзылып қалды, қарап көрші» деген сөздерді бұл саладағылар жиі естиді. Бірақ IT-маманның барлығы бірдей техниканың тілін біле бермейді. Қоса алса да, жөндей алмауы — қалыпты жағдай. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, бұл ауқымы кең сала. Бірі сайт пен қолданба жасайды, енді бірі деректермен жұмыс істейді. Келесі бірі инфрақұрылыммен айналысады.
- Олардың өмірі қызықсыз
«Компьютерге үңіліп қана отырады. Жұмысы іш пыстырады» деп ойлайтындар бар. Әйтсе де, олай деп айтуға болмайды. Бағдарламалаушы жазған кодын үнемі жетілдіріп отырады, дизайнер макет түзейді дегендей. Өзге жұмыстар секілді мұнда да түрлі қызық бар. Әрі негізгі жұмыстан бөлек қызығушылықтары болатынын да ұмытпау керек.
- Университетте тиісті мамандықты бітіру керек
«Табысты мансап құру үшін міндетті түрде диплом болуы керек» деген стереотиптен шыққан ой. Иә, салалық білімнің маңызы зор. Академиялық білімді сұрайтын жерлер де болады. Бірақ ауқымды IT-саласында басқа мамандықта оқығандарға да орын табылады. Түрлі курс оқып, конференцияларға қатысып, кәсіби әдебиеттерді оқып өзіңізді дамыту маңыздырақ.
- «Айтишник» болу оп-оңай
Әсіресе, қазір әлеуметтік желілерде «бар болғаны бір айда бағдарламалаушы бол» деген сыңайдағы жарнаманы жиі көруге болады. «Үш күнде уеб-дизайнер» қылып беремін деген уәде беретіндер де бар. Әрине, бірнеше айлық курс оқып, карьера бастап кетуге болады. Бірақ тым қысқа уақыт ішінде үйрену — аспандағы айды алумен бірдей. Базалық білімі жоқ адамға басынан бастау үшін сапалы білім алу керек. Көп уақыт бөліп үйренуі шарт. Пратика мен теорияны қатар алып жүргенде ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Әйтпесе, құрғақ ақпарат ала бергеннен нәтиже шамалы.
- IT-де миллион табу түк қиын емес
Жиі айтылатын кезекті аңыз. Басқа саладан келген, хабары аз адамдар жарнамаға алданып, «аспаннан ақша жауатын сала екен» деп қалады. Бірақ жақсы жалақы алу үшін деңгейді өсіріп, ол үшін көп еңбектену керек. Әрине, тәжірибелі маманның айлығы да жақсы болады.
- Бағдарламалаушылар 24/7 жұмыс істейді
Бұл енді — жартылай шындық. Бірақ толықтай солай деуге келмейді. Көпшілігі жұмыс уақыты бітсе де жұмысын жалғастыра беретіні бар. Кейде ұйықтамай, тамақ ішпей де істеуге тура келіп жатады. Әсіресе, дедлайн таяғанда солай. Әйтсе де, мұндай режим тек IT-де емес, басқа салаларда да кездеседі.
- Ұзақ уақыт оқу керек
Жаңа мамандықты игеру үшін бірнеше жылы сарп етуге екінің бірі дайын бола бермейді. Ол үшін міндетті түрде 4 жыл бакалавриат оқу керек болмауы мүмкін. Барлығы сіз таңдаған бағыт пен мамандыққа байланысты. Егер базалық біліміңіз болып тұрса, онда бірнеше айлық курс оқу да жеткілікті болуы мүмкін. Негізгі мамандығы басқа болса да осы салада жүрген маман көп. Байқап көрмей жатып әлдебір шешім қабылдауға асықпаңыз.
- Мұнда ақпарат тым көп. Оның бәрін жаттау оңай емес
Әрине, оңай емесі белгілі. Өйткені IT-маманның біразына жұмыс істеу үшін бір емес, бірнеше құрал керек болады. Мысалы Java бағдарламалаушыға тек Java білу жеткіліксіз. Оған қоса Java EE, фреймуорктер (Spring, Hibernate, Eclipse Link, Mockito, JUnit), автомат құрастыру құралдары (Gradle, Maven), SQL, NoSQL, PostgreSQL білу сұралуы мүмкін. Әрі бұл салада өзгеріс көп болады. Өсу динамикасы да жоғары. Кешегі ақпарат бүгін ескіріп үлгереді дегендей. Көпшіліктің қорқатыны да сол — ілесе алмай қалу. Әйтсе де, барлығы бірден бола қоймайды. Біртіндеп кіріссеңіз, алынбайтын қамал жоқ. Бар болғаны жетекшіңізбен кеңесіп, ментор алып, тәжірибелі әріптестеріңізбен жиі ақпарат алмасып тұрыңыз. IT-де көбі солай істейді. «Соны да білмейсің бе?» деп сізді төмендетпейді. Көмек сұрағанда, білмегенді сұрастырғанда тұрған ештеңе жоқ.
- Гуманитарларға IT-де орын жоқ
Кең тараған таптаурынның бірі. Біріншіден, математикаға не әдебиетке деген құлшыныс адамдар туа бітті болмайтынын дәлелдеген бірнеше зерттеу бар. Сондықтан қалаған адамның бәрі бағдарламалаушы бола алады. Екіншіден, бұл салада код жазатындар ғана емес, копирайтерлер, өнім не жоба менеджерлері, SMM-мамандар, пиар-мамандар, рекрутерлер барын ұмытпауымыз керек.
- Мықты компаниялар джуниорларды алмайды
Әрине, алпауыт компанияларға мықтылар ғана іріктеледі. Бірақ енді бастаған жас мамандарды тағылымдамаға шақыратындар да табылады. Сәтті өткен жағдайда күні ертең ТОП-компанияның қызметкері болып шыға келесіз. Ол үшін көп оқып, практикадан өтіп, үздіксіз дамып отыру қажет. Тіпті білікті маманның өзі квалификациясын өсіріп отырмаса, ескіріп қалады.
- Мұнда бәсеке тым жоғары. Мен ілесе алмаймын
Көпшілігі осы бәсекенің жоғары болғанына қарап, бастамай жатып тастап кетеді. Бағдарламалаушы болғысы келгенімен, осы қорқыныштың кесірінен талаптанып көрмейтіндер бар. Негізі еңбектенген, дамуға ашық адамға жұмыс қашан да табылады. Бастысы, ниет пен талап болсын.
- IT-де жастар ғана. Мен қартайдым
Басым бөлігі жастар екені рас. Тіпті компания директоры жасы 20-да болса таңғалудың керегі жоқ. Бұл салада ешкім сіздің жасыңызға қарамайды. Жасы үлкеннің бәрі білікті бола бермейді. Кішілер де тәжірибесіз деген сөз емес. «Айтиде» құлшыныс маңыздырақ.