Қарағандыдағы ЖЭО-3-те ірі апат болып, қала тұрғындары жарықсыз қалды

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: Қарағанды Энергоорталық

Қарағанды қаласындағы жылу электр орталығында болған апат салдарынан тұрғындар жарықсыз қалды.

Қарағанды ​​облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ЖЭО-3-те техникалық бұзылыс салдарынан қорғаныс жүйесі қосылып кетіп, нәтижесінде 220 кВ сыртқы тарату құрылғысы сөнген.

«Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр. Сондай-ақ электр қуатынсыз қалған абоненттер саны да нақтылануда», – деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев қарағандылықтарға үндеу жазып, қаланың неліктен жарықсыз қалғанын түсіндірді. Әкімнің айтуынша, ЖЭО-да ғана емес, Топар ГРЭС-де де апат болған.

«Бүгін таңертең ЖЭО-3 пен Топар ГРЭС-2-де төтенше жағдай орын алды. Бүгінде Топар ГРЭС-і жүктемені арттырып жатыр. Менің тапсырмам бойынша бірінші орынбасарым оқиғаның мән-жайын анықтау үшін станцияға жетті. Қазір KEGOK компаниясы, станциялармен бірлесіп уақытша электр энергиясын беруге бар күшімізді салып жатырмыз», – деі әкім.

Айта кетейік, бейсенбі күні түсте Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі аталған электр станцияларының жұмысы қалпына келтіріліп жатқанын хабарлады. Жарық беру біртіндеп қайта жандана бастағаны мәлім етілді.

«Жағдай Энергетика министрлігімен Қарағанды облысы әкімдігінің бақылауында», делінген хабарламада.

Министрлік дерегінше, Қарағанды-Энергоцентр» ЖШС 220 кВ ЖЭО-3 ашық тарату құрылғысында қысқа тұйықталу және Қарағанды ЖЭО-3 және Топар ГРЭС байланыстыратын 110 кВ электр беру желілерінің одан әрі шамадан тыс жүктелуі салдарынан аталған электр станцияларында генерация толық төмендеген.

Бұған дейін апат болған ЖЭО-3-тің 66 пайыз тозып тұрғанын жазғанбыз. Қарағанды облысын екі ірі нысан: ЖЭО-3 және ЖЭО-2 қымтамасыз етеді. Олардың ортақ қуаты –2400 Гкал/сағ көлеміндегі энергияны құрайды.

Энергетика министрлігі Қарағанды облысында алдағы жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр деп мәлімдеген еді. Биылғы жылы ЖЭО-2-де №4 қазандық агрегатына күрделі жөндеу және №5 қазандық агрегатына кеңейтілген жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, №3 турбоагрегатты толықтай жөндеу жоспарланған.

Қарағандыдағы екі ЖЭО-ны жөндеуге биыл 13 млрд жұмсалатыны хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз