Жаңалықтар

Құзырлы органдар Air Astana әуе компаниясына төнуі мүмкін санкцияға қатысты ресми түсінік берді

Құзырлы органдар Air Astana әуе компаниясына төнуі мүмкін санкциялық қауіпке қатысты ресми түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ресей «BAE Systems» британдық қорғаныс компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Крессида Хоггқа қарсы санкция жариялады. Өз кезегінде, аталған компания қазақстандық Air Astana әуе компаниясының 49% акциясына ие. Осы орайда БАҚ өкілдері құзырлы органдар басшыларынан Air Astana-ға төнетін қауіп туралы сұраған еді.

«Air Astana әуе компаниясы – біздің ұлттық операторымыз, Қазақстанның мажоритары. Сондықтан компания штаттық режимде жұмыс істейді. Аталған ұлттық әуе операторының қызметінде ешқандай өзгерістер болмайды», – деп жауап берді Көлік министрі Марат Қарабаев ведомствода өткен баспасөз мәслихаты барысында.

Аталған мәселеге қатысты Азаматтық авиация комитетінің төрағасы өз пікірін білдірді.

«Біз халықаралық шарттарға үлкен құрметпен қараймыз. Бірінші кезекте, халықаралық Азаматтық авиация ұйымы шығарған шарттар мен стандарттарға. Бұл тұрғыда станцияларға байланысты компанияның қызметін шектеу үшін қандай да бір кедергілер немесе негіздер көзделмеген. Біз халықаралық стандарттар негізінде қатаң жұмыс істейміз. Біз ешқандай кері салдарды көріп отырған жоқпыз», – дейді Талғат Ластаев.