Systems аnalyst мамандығына шолу: міндеттері, талаптары мен жалақысы қандай?

Жарияланды

          IT-компанияда тапсырыс берушінің талаптарыне талдау жасап, соларды бағдарламалық жүйеге лайықтайтын маман бар. Ол systems аnalyst немесе жүйелік талдаушы (аналитик) деп аталады. Яғни оның қызметі клиент пен бағдарламалаушылардың арасында алтын көпір іспеттес. Айталық, жаңа клиент келіп, өзінің ойындағысын айтып, мәселесін жеткізді. Бірақ ол кәсіби маман болмағандықтан, бәрі ол ойлағандай болмауы мүмкін. Мұндайда аналитиктер көмекке келеді. Салада бизнес және жүйелік аналитик деген екі мамандық бар. Бүгінгі материалымызда жүйелік талдаушының міндеттері, қажет машықтары мен отандық нарықта оған ұсынылатын жалақы мөлшеріне тоқталамыз.

          Тапсырыс берушінің ойға алғаны мен іс жүзінде оны іске асыру процесі екі түрлі болуы ғажап емес. Мықты кәсіпкер не басшы болғанымен, оның бойында талдаушы яки аналитик қабілеті болмағандықтан, бағдарламалық жасақтама жасау жолдары, оған қойылатын талаптар туралы арнайы білімі бар маман қажет болады. Сондықтан аналитик жұмысы аса маңызды. Компанияның беделін түсіретін, пайдасынан қағатын қателерді табатын да — аналитик.  Ендеше, клиентпен жұмыс істеп бастамас бұрын маманға не істеу керек — соны анықтап алайық.

  • Клиенттің мәселесін бүге-шүгесіне дейін түсініп аламыз;
  • Оның көңіл қалауына сәйкес келетін нәтиже қандай — соны анықтаймыз;
  • Сол мәселені қалай шешу керегін ойластырамыз.

          Жүйелік талдаушыға қажет машық түрлері

          Классикалық құрылым бойынша айтар болсақ, аналитиктер жұмысы былай жүреді: бизнес-аналитик мәселені табады, оны сипаттап, шешімін ұсынады. Сөйтіп оны жүйелік талдаушыға жібереді. Ол болса, алған ақпаратын реттеп, бағдарламалаушылар тобына жолдайды. Көп компанияда бизнес және жүйелік талдаушының қызметтері араласып, кейде біріктіріледі. Талдаушыларға қандай машық қажет екеніне тоқталамыз.

          Софт скилз    

          Жүйелі ойлай білуі керек. Не нәрсені неге байланысты екенін әріден біліп, түсініп тұруы шарт. Жүйелі ойлай білген кезде өзі байқап тұрған дүниелердің заңдылығын, ретін, мәнін түсініп тұрады. Ал бұл болса, болашаққа әзір болуға көмектесіп, түпкі өнімнің нәтижесіне әсер етеді. 

          Коммуникация құра білуі қажет. Ол алдындағы адаммен соның «тілінде», деңгейінде сөйлесе білуі шарт. Мысалы бағдарламалық жасақтамаға белгілі бір функцияларды енгізудің қаншалықты қажет екенін түсіндіру үшін бағдарламалаушылармен сөйлесе алуға міндетті. Тапсырыс берушімен бизнес тілінде сөйлеседі. Оның қалауы не — соны түсініп, сол түсінгенін көрсете білуі сұралады. 

          Мұқият, педант және жақсы мағынада перфекционист болуға тиіс. Әлі талдау жасалып жатқан кезде қателерді анықтаған кейінірек анықтағаннан әлдеқайда дұрыс. Егер аналитика жасау деңгейінде маман қате жіберіп алса, онда команда бағдарламалау мен тестілеуге құр босқа ресурс шығындайды деген сөз. Сол қатені жөндеу үшін қайтадан кері шегініп, басынан бастауға тура келеді. Аналитиктің жұмысы маңызды екенін осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Айталық, сіз үй салдыңыз. Құрылыс жұмыстары біткеннен кейін қарасаңыз, қабырғада жарық пайда болған екен. Оған не себеп болды? Кезінде іргетасын дұрыс қаламағаннан солай болды. Енді оны жөндеу үшін іргетасты нығайту керек. Ол үшін қосымша ақшалай да, уақыт түріндегі де ресурс кетеді. Мұнда да дәл солай. 

          Есте сақтау қабілеті жақсы болуы керек. Жүйелік талдаушы жобаға қатысты барлық нәрсені білетін, «тірі анықтамалық» болуға тиіс. Оған кез келген сұрақ қойылса, жауап бере алатындай болуы қажет.     

Хард скилз

          Базалық деңгейде SQL (structured query language) тілін білуі керек. Бұл дегеніміз — құрылымы жасалған сұраныстар тілі. Оны деректер құру, модификациялау және басқару үшін қолданады. 

          Техникалық сауат сұралады. Жүйелік талдаушының базалық білім ақпараттық жүйелер — computer science болуы керек. Ақпараттық жүйелер өз арасында қалай ақпарат алмасатынын жақсы түсінуі шарт.

          UX/UI негіздерін білуі керек. Аналитик жұмысы интерфейстерді түсінумен тығыз байланысты. Сондықтан кемінде UX/UI дизайн негіздерінен хабары болғаны маңызды.  

Қандай талаптар қойылады?

          Көбіне жұмыс берушілер орта не жоғары деңгейдегі аналитиктерді іздейді. Түйіндемеде тиісті жұмыс тәжірибесі болса дейді. Жоғарыда айтқан хард скилз қатарына ағылшын тілін білуді де қосуға болады. Әсіресе, шетелдік компаниялармен жұмыс істейтін болса қажет. Жұмысы ойдағыдай жүруі үшін жүйелік талдаушы стресспен жақсы күресе білгені дұрыс. Өйткені тапсырыс берушінің де, бағдарламалаушының да түр-түрі болады. Кейбірімен ортақ тіл табысу қиындау болады. Соған қарамастан ебін тауып, байланыс орнату керек. Бағдарламалау барысында жұмыстың басым бөлігін IT-мамандар атқарады. Ал жүйелік аналитик оларға көмектеседі. Егер командада аналитик болмаса, ол өнімнің қандай болып шығатыны белгісіз болады.

          Жүйелік талдаушыға үнемі алға жылжып отыру керек. Әр жоба сайын жұмысын жақсырақ орындауға тырысқаны дұрыс. Себебі IT саласы күн сайын дамып келеді. Жаңа нәрсе көптеп шығып жатыр. Соларға ілесіп отырмаса, артта қалып қояды. Мысалы осыдан 10 жыл бұрынғы ақпарат қазір мүлдем өзекті емес, әбден ескіріп қалған. Жұмысқа қатысты да талай нәрсе өзгерді. Келесі қойылатын талап — шыдамдылық. Жұмыс барысында жазатын нәрсе көп болады. Соның барлығына әзір болуы керек.

Жүйелік талдаушы немен айналысады?

          Жоғарыда айтқанымыздай, басты міндеті — бағдарламалық жасақтамаға талаптар жасау. Өнім иесі не тапсырыс беруші бағдарламаның не істеу керегін, өз қалауын айтады. Осыдан соң аналитик әр түрлі дереккөзден ақпарат алып, нарықты зерттеуге кіріседі. Мәселен аналитикке мынадай тапсырма берілуі мүмкін: бағалаумен айналысатын компанияның жұмысын автоматтандыру қажет. Бұрын бағалаушылар word түріндегі үлгі бойынша жұмыс істейтін. Жылжымайтын мүлік сататын алаңдарға барып, хабарландыруларды қарап, оларды excel кестеге көшіріп алатын. Одан соң барлығын есепке қосатын. Осылайша есепке бір күн уақыты кететін. Ал енді осы жұмысты автоматтандыратын болса, онда жұмысқа кететін уақыт қысқарады. Өнімге қойылатын талаптарды аналитик әдетте мәтін қылып жазады. Оны түрлі диаграмма, прототип, макет және сызбалармен толықтырады.     

Оның міндеттері қандай?

          Жобаны іске асыру барысында жүйелік талдаушы алдымен тапсырыс берушінің талаптарын назарға алады. Бағдарламалық жасақтамадан нақты не күтеді — соны анықтап алу керек. Одан соң сол талаптарды толықтырып, мәселесі бар тұстарын белгілеп, қосымша сұхбат жасайды. Интервью кезінде тапсырыс берушіге жан-жақты сұрақ қойып, күмән туындаған тұстын бәрін анықтауға тырысады. «Бұл не үшін керек?», «Бұл нендей мәселені шешеді?», «Осы нәрсе нақты қажет пе?» деген сыңайдағы сұрақтар болады. Сұхбаттан кейін сол жинаған ақпаратты техникалық тапсырма қылып дайындайды. Ол бағдарламалаумен айналысатын топқа арналып жасалады. Техникалық тапсырма жасап болғаннан кейін бағдарламалау барысын бақылап, тестілеуге қатысады. Сынақ жасайтын топ «бағдарлама осылай жұмыс істейді. Солай істеуі керек пе?» дегендей сұрақтар қояды. Одан соң шыққан нәтижені тапсырыс берушіге көрсетеді. Клиент қаласа, онда осы кезде қолданушыларды үйрету жұмыстары жүргізіледі. Техникалық қолдау қызметі жауап бере алмаған күрделі сұрақтарға жүйелік талдаушы осы үйрету кезеңінде жауап беріп көмектеседі. Байқағанымыздай, жүйелік аналитиктің жұмысы сан түрлі: тапсырыс берушімен сөйлесу, талаптарға анализ жасау, оларды сипаттау, процесті қадағалау, кейстерді талдау және т.б. тұрады.  

Аналитиктер қайда істейді? Жалақысы қандай?

          Софт жасалатын компанияларда аналитиктер жұмыс істейді. Ол қандай компаниялар десеңіз, мыналар:

  • Аутсорсерлер және тапсырысқа бағдарламалық жасақтама жасайтын жүйелік интеграторлар. Яғни әлдекімдердің мәселесін шешумен айналысатындар.
  • Түрлі сектордағы ірі компаниялар. Айталық, банктер, сақтандыру компаниялары, ретейлерлер. Көбіне ірі компаниялар өз мәселесін өзі шеше алуы үшін жеке бағдарламалау бөлімін ашуға тырысады.
  • Тиражбен өнім шығаратын продакт компаниялар.

          Қазақстанда енді бастаған жүйелік талдаушыларға (1-3 жыл жұмыс тәжірибесі бар) 150-250 000 теңге шамасында айлық ұсынылады. Ал мидл деңгейдегі мамандарға — 400 000 теңгенің үстінде. Тәжірибелі мамандарға 600 000 теңгеден жоғары айлық беруге дайын. 

Сондай-ақ оқыңыз