фото: kursiv.media
Дүниежүзілік Банктің мемлекеттік қаржыға қатысты 29 қыркүйекте жариялаған шолуында Қазақстанның бюджеттік резервтері мұнай кірістері есебінен толығып отырғаны айтылған. ДЖБ мемлекеттік қаржы жүйесін неғұрлым инклюзивті және тұрақты өсіру үшін нақты қадамдар қажет екенін жазады.
Банктің «Қазақстан: инклюзивті және ықпалға тұрақты өсуге қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржыны күшейту» атты мемлекеттік қаржы шолуында Қазақстан Үкіметінің салық-бюджет саясатын жетілдіру және мемлекеттік қарызды салыстырмалы түрде төмен деңгейде ұстап тұру әлеуеті талданды. Сонымен қатар, бюджет саясатында айқындықтың жоқтығы және квази-фискалдық қызметке байланысты мүмкін болатын тәуекелдер көрсетілді.
ДЖБ хабарлауынша, Қазақстан қазіргі күрделі сыртқы жағдайларға қарамастан экологиялық және инклюзивті өсуге ұмтылған. Десе де, әлем елдерінде пайыздық мөлшерлемелердің жоғарлауына, мұнай бағасының күрт өзгеруіне, жеткізілім тізбегінің бұзылуына, азық-түлік бағасының жоғарылауына байланысты сыртқы факторларға қарсы келіп отыр. Соңғы 20 жылда Қазақстанның мұнай кірісі ЖІӨ-нің пайыздық арақатынасында өзгеріссіз қалды. Бұл мұнай кірістеріне телмірген бюджеттік тәуелділікке әкелді және макрофискальды саясатты басқаруды қиындатты. Нәтижесінде, квази-фискалдық шығындарды пайдалану артты.
Дүниежүзілік банк Қазақстанның мұндай «тар жол, тайғақ кешу» кезеңінде қос міндетке тап келіп отырғанын айтты:
Үкімет үшін ел экономикасын декарбонизациялау ғана өзекті емес. Мұны баға құбылған кезеңдегі, экономикадағы тәуекелдер артқан шақта, басқа елдер қазба отынына тәуелділікті азайтуға тырысып жатқанда мұнайдан түскен табысқа сүйене отырып жүргізу маңызды, – делінген шолуда.
Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы Тұрақты өкілі Андрей Михнев:
«Өсудің күрделі перспективаларын ескерсек, мемлекеттік қаржы саясатын жетілдіру Қазақстан үшін бұрынғыдан да маңызды болмақ. Макроэкономикалық тұрақтылық пен өнімділікті арттыру үшін бюджет ережелерін, сондай-ақ квази-фискалдық шығындарды бақылауды оңтайландыру және күшейту қажет. Бюджеттеу, нәтижелерді жоспарлау және мониторингілеу процесін жетілдіру Қазақстанның барлық халқының игілігі үшін мемлекеттік қаражаттың жұмсалуын оңтайландыруға көмектеседі».», – деп пікір білдіреді.
Авторлар бюджет саясатын ұзақ мерзімді дамыту бағдарламасын мемлекеттік білім беру шығындары мен «Жасыл» экономикаға көшуді қолдау саясатын ескере отырып жүргізу қажетін айтады. Себебі, мемлекеттік шығындардың мәселесін қарастыру, алдымен, мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімді тұстарын арттыруды талап етеді.
Қазір Қазақстан үкіметі әлеуметтік шығындарды өтеу үшін мұнай кірісін ұлғайтуды көздеп отыр. Дегенмен, бұл мәселені шешу мемлекеттік кірістерді басқарудың жаңа саясатын және салық жүйесін реформалауды талап етеді.
Мұнымен қоса, шолуда бірнеше салық режимдері және жеңілдіктерге бола құбылған Қазақстан кірістеріндегі алшақтық көрсетіледі. Салық жүйесінің әділдігін арттыруға бағытталған реформалар ұсынылады.
Дүниежүзілік Банктің аға экономисі Самсу Рахарджа бұған қатысты:
«Қазақстанға мемлекеттік кірістердің неғұрлым прогрессивті саясаты туралы мәселені қарастыру орынды. Салық жеңілдіктерін қысқарту, әртүрлі салық режимдерін оңтайландыру және прогрессивті табыс салығы схемасын біртіндеп енгізу табыс жинауды жақсартуға және фискалдық саясатты халықтың аз қамтылған топтары мен климаттық күн тәртібін қолдауға бағыттауға көмектеседі»,- дейді.
Сондай-ақ, сарапшылар шолу деректерін талқылау кезінде әлеуметтік шығындарды нақты саралау, бағдарламалар нәтижелерін мониторингілеу және жергілікті атқарушы органдар үшін орталық деңгейден трансферттерді есептеу жүйесін жеңілдету қажет екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, Қазақстан қоғамында жаңа салық кодексі қызу талқыланып жатыр. «Атамекен» ҰКП сарапшылары елімізедгі ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін өсіру инфляцияның жоғарылауына әкеп соғады деп мәлімдеген болатын.