Парламентте Назарбаевтың мәртебесінен айыру үрдісі жүріп жатыр. Қазіргі таңда оның экс-президент ретіндегі мәртебесі ғана қалған. Бұл жайлы Әділет министрі Азамат Есқараев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
«Елімізде Нұрсұлтан Назарбаевты барлық заңдардан сызып тастау үрдісі жүріп жатыр. Оның артықшылақтары мен ерекше статусы алынып тасталды. Бұл үрдісті толық аяқталды деп айта аламыз ба? Енді Нұрсұлтан Назарбаевтың экс-президентке қатысты мәртбесінен өзге статустары қалмады ма?» деп сұрады журналистер брифинг барысында.
Министр бұл үрдістердің заңдық негізде жүргізіліп жатқанын айтты.
«Бұл үрдістер қаңтарда қабылданған заң негізінде жүзеге асып жатыр. Ал экс-президенттің мәртебесіне келер болсақ,«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңымызда экс-президентке тиісті кепілдіктер қарастырылған. Оған сәйкес, экс-президент тұрғын үй және көлікпен қамтамасыз етілуі керек. Президент туралы Конституциялық заңда бұл нақты көрсетілген», деді Есқараев.
Ал қалған заңнамалардың барлығынан дерлік оның ерекше мәртебесі туралы заңдар алынып тасталды немесе алып тастауға қатысты үрдістер жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетсек, 15 ақпан күні Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күшi жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды.
Сонымен бірге Қазақстанда мемлекет басшысына тікелей есеп беретін кейбір мемлекеттік органдардың наградаларына қатысты Президент Жарлығына өзгерістер енгізілмек. Осыған байланысты олар кейбір медальдардың атауларынан Елбасы мәртебесін алып тастау жоспарланған.
Ал 29 маусымда Сенат депутаттары Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «Назарбаев зияткерлік мектептері», «Назарбаев университеті» және «Назарбаев қоры» жоғары қамқоршылық кеңесі басшысы мәртебесінен айыратын заңды мақұлдады.