Қазақстанда ет өнімдерін өндірушілер сақтауға міндетті нормативтер өзгерді

Жарияланды

фото: kursiv.media

Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында «Ет және ет өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» ЕАЭО техникалық регламентіне қатысты негізгі өзгерістер мақұлданды. Бұл өзгерістердің тұтынушылар құқықтарын қорғауға және ет өнімдерін өндіру процесін жеңілдетуге арналғаны хабарланды. Бұл жайлы ҚазСтандарт жазды.

Жаңа ережелерге сәйкес, сойылған өнімдер мен ет өнімдеріндегі ақуыз (азаю жағына қарай 20% дейін), май, көмірсулар мөлшерінің және калориялылықтың  (ұлғаю жағына қарай 20% дейін) көрсеткіштері арнайы нақтыланады. Ет пен ет өнімдерінің тағамдық құндылығы бақыланып, стандарттарға лайықты түрде жүйеленеді.

«Бұл өзгерістер ет өнімдерін өндірушілерінің кездестіретін қиындықтарды есепке ала отырып жасалды. Етте тіпті бір кесектің ішінде май мен ақуыздың мөлшері әртүрлі болуы мүмкін. Сондай-ақ, ет өнімі әртүрлі ет түрлері мен кесектерден тұруы мүмкін, бұл барлық стандарттарға дәл сәйкестікті қиындатады»,  –  деп атап өтті ҚазСтандарт Техникалық реттеу жөніндегі үйлестіру орталығының сарапшылары.

Сарапшылардың хабарлауынша, жаңа ереже ет өндірушілерге де пайдалы. Нақтырақ айтқанда, ереже шамалы ауытқуларға бола айыппұл салынатын жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.

Ет өнімдерінің құрамына қатысты өзгерістер ресми жарияланғаннан соң, 180 күннен кейін қолданыла бастамақ. Осыған ұқсас қағидалар жылдың басынан бастап құс еті мен оның негізіндегі өнімдер үшін сәтті жұмыс істеп жатқандығын атап өткен жөн.

Сондай-ақ оқыңыз