Максим Галкиннің концерті өтпейтін болды. Бұл ақпараттан соң қазақстандықтар петиция жариялап, артиске қолдау көрсету мақсатында петиция жариялады.
«Мен Украинадағы соғысқа ашық қарсылық білдірген Максим Галкинді қолдайтын және оны Қазақстанда көргісі келетін көпшілікке үндеу жариялаймын. Қазақ билігінің танымал әрі сүйікті өнерпазға қарсы озбырлық жасауына жол бермеуіміз керек. Қазақстандағы екі үлкен залда күтпеген жөндеу жұмыстарының басталуы туралы ақпарат – ешкім сенбейтін аянышты сылтау ғана. Біз бәріміз бұл нұсқаулардың Кремльден келетінін, біздің биліктің оларға сөзсіз бағынатынын жақсы білеміз. Бұл біздің биліктің шешімі. Шын мәнінде, қазақстандықтардың көбі Украинаның жеңісін, Ресейдің толық жеңілуін тілейді», деп жазды петиция авторы Динара Егеубаева.
Қазақстан тарапы концертке бір апта қалғанда екі қаладағы концерт залдарында жөндеу жұмыстары басталатынын хабарлаған болатын.
«1 қазаннан бастап Республика Сарайының концерттік қызметі сахна механикасының апатты жағдайына байланысты шұғыл тоқтатылады. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары мамандарының бағалауы бойынша бұзушылықтарды жою жөніндегі нұсқаманы орындау үшін екі апталық мерзім қажет. Сол себепті осы мерзімге жоспарланған барлық концерттер тоқтатылады», делінген «Алматы әуендері» КМҚК әкімшілігінің таратқан хабарламада.
Ал Астанадағы концерттің тоқтауына су құбырларына жүргізілетін жөндеу жұмыстары себеп болған-мыс. Екі қалада бірдей жөндеу жұмыстарының басталғанына таңғалған Максим Галкин өзінің әлеуметтік парақшасында жөндеу жұмыстарына көмектесуге дайын екенін жеткізді.
«Бір аптадан соң, Қазақстанда екі концертім өтуі керек. Барлық билеттер сатылды, көрермен толы, кейбір көрермендер басқа қаладан келеді. Алайда бір күні, бір мезгілде Астан мен Алматының концерт залдарының бірінде сахна механикасы, бірінде су құбыры істен шығып қалған. Осыған орай маған мынадай ой келді: бұл залдардың ремонтына мен көмектессем, концертке дейін үлгерер ме екенбіз? Өйткені мен көрермендермен кездесуге асығып тұрмын» деп жазды өнер иесі.
Еске сала кетсек, бұл концертті өткізуге басынан кедергілер көп болды. Тамызда Максим Галкин Қазақстанда концерт өткізуге қатысты қиындық туындағанын мәлімдеген болатын.
«Ойдан шығарылған себептер мен тыйымдар бар. Билет сатыла басталды, алайда кейіннен билетті сату тоқтатылды. Менің концерттерімді өткізуден қорқып отырғанына қарағанда, мен Қазақстан билігі үшін қауіпті шығармын», деді ол.
Артистің мәлімдемесінен кейін Астана қаласының мәдениет басқармасы, ұйымдастырушылар қайта жүгінген жағдайда, тиісті заңнамаға сәйкес Максим Галкиннің кешін өткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді.
Содан кейін ресейлік шоумен Максим Галкинге Алматы мен Астана қалаларында концерт өткізуге рұқсат берілгені хабарланған болатын.