Ұлттық банк қазан айында Ұлттық қордан 1,6 млрд доллар валюта сатуды жоспарлап отыр. Өткен айда қордан 1,155 млрд доллар сатылған.
«Қаржы министрлігінің қолда бар болжамдық бағдарлары негізінде Ұлттық қордан 1,5 млрд-тан 1,6 млрд АҚШ долларына дейін валюта сатуды көздейді. Қазан айында БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін валюта сатып алу – 100 млн-нан 150 млн АҚШ долларына дейін, ҚДКҚ активтерінің валюталық үлесін арттыру үшін валюта сатып алу – 50 млн-нан 70 млн АҚШ долларына дейін болады деп күтілуде», -делінген ҰБ хабарламасында.
Қыркүйек айында теңге бағамының 1 АҚШ долларына қатынасы 474,99 теңгеге дейін 3,4%-ға әлсіреді. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 158 млн-нан 162 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Жалпы сауда-саттық көлемі 3,4 млрд АҚШ долларын құрады.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін қыркүйекте 1155 млн АҚШ долларына валюта сатылған. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 34%-ын және күніне 55 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады. Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операция жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын үнемі және біркелкі сату дегенді білдіреді. ҰБ пікірінше, мұндай тәжірибе Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.
БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру үшін Ұлттық банк қыркүйекте биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырған. Оның жалпы сомасы 200 млн АҚШ долларын немесе нарықтағы жалпы көлемнің шамамен 6%-ын құрады.Сонымен қатар «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (ҚДКҚ) активтерінің валюталық үлесін ұлғайту аясында Ұлттық Банк қыркүйекте 60 млн АҚШ долларына валюта сатып алды. Ұлттық Банк қыркүйекте валюталық интервенция жүргізбеген.
Ұлттық Банкт Төрағасы Тимур Сүлейменов жаһандық инвесторлармен кездесу барысында банк басшысы соңғы екі аптада теңгенің күрт құлдырау себебін түсіндірген болатын.
АҚШ долларының жаһандық деңгейде күшеюі (дамыған елдердің валюталар қоржынына қатысты АҚШ долларының индексі қыркүйекте 2,5%-ға өсті), импорттаушылар тарапынан маусымдық сұраныстың артуы, базалық мөлшерлемені төмендету бойынша қабылданған шешім Үкіметтің квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді міндетті түрде сату туралы норманы қолдануының тоқтатуы – офакторлардың жиынтығы теңге бағамының қысқамерзімді әлсіреуіне әкелді. Маңызды факторлар тұрғысынан алып қарағанда, мұнай бағасының өсімі мен төлем балансының жалпы жағдайы тұрақтандырушы әсерге ие болып, ұзақ мерзімде теңгеге қолдау көрсетеді», – деді ол.
Тимур Сүлейменов ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы болып 4 қыркүйекте тағайындалған еді. Оған дейін Ұлттық банк үш жылда тұңғыш рет базалық мөлшерлемені төмендетіп, 16,5% деңгейінде бекіткен болатын. Нәтижесінде Қазақстан жыл басынан бері базалық мөлшерлемені төмендеткен елдер арасында 19-шы орында тұр.