Адамдар 20 жыл үй кезегінде тұрмауы керек: баспана кезегі толық цифрландырылады

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

Адамдар 15-20 жыл баспана кезегінде тұрмауы керек. Сол үшін мемлекеттік тұрғын үй кезегі оңтайландырылады. Тұрғын үй кезегін басқару Ұлттық даму институтына беріліп, тұрғын үй комиссиясы жойылады. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаетың айтуынша, бұл өзгерістер Мәжіліс қарауына жіберілген.

Министрдің айтуынша, қайтыс болған кісілер де тұрғын үй кезегі тізімінде жүр.

«Біріншіден, қайтыс болған кісілер де тізімде жүр. Бұл факт тексерілуі тиіс. Кезекте тұрған кісі қайтыс болып, артында баспанаға мұқтаж мұрагерлері қалса, тұрғын үйге қатысты құқығын оларға беру мәселесі бөлек қаралады», – деді министр.

Министрлік тұрғын үй кезегін басқаруды Ұлттық даму институтына бермек.

«Қазіргі кезде «Отбасы банкке» беру қарастырылып жатыр. Ол тұрғын үй кезегі тізімін басқаратын болады. Бұл кезек толығымен цифрландырады. Кезекте тұрған адамдарға баспана бөліп келген тұрғын үй комисиясынан бас тартсақ дейміз. Нақты, түсінікті ереже болуы керек», – деді Шарлапаев.

Заңға енгізілетін өзгерістер азаматтардың 20 жыл бойы баспана кезегінде тұруын жояды.

Қазір Қазақстанда жеңілдетілген мемлекеттік тұрғын үй алуға кезекте тұрған 636,6 мың адам бар. Оның 415,7 мыңы халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жатады.  Жақында  Мәжіліс депутаты Гауһар Танашева көпбалалы отбасылар үшін бастапқы жарнасыз баспана алудың баламалы тетігін қарастыруды ұсынған болатын.

Биыл 8 ай ішінде шамамен 10 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға артық және 15,3 млн шаршы метрді құрайтын жылдық жоспардың 65%-ы.

Алайда баспана бағасы қымбаттап тұр: бір жылда жаңа тұрғын үйлердің бағасы 4,4%-ға өскен.

Сондай-ақ оқыңыз