Алматы әкімдігінің ғимараты қалпына келтірілді

Жарияланды

Алматыда қаңтар оқиғасында зақымданған қала әкімдігінің ғимаратын реконструкциялау аяқталды. Ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2022 жылдың ақпан айында басталды.

Естеріңізге сала кетейік, ғимаратқа өрттен 80% залал келді, 6 қабат пен 4 павильон отқа оранған, жертөлелер өртке қарсы жүйенің іске қосылуы мен тонау салдарынан жоғарғы қабаттан су ағып, зардап шекті.

Ғимараттты жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 17 млрд теңге жұмсалды. Келесі аптада қала әкімі Ерболат Досаев кеңсесіне көшеді деп күтілуде.

Алматы әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіруде өртке төзімді материалдар пайдаланылды.Бұл туралы бас мердігер, «Атрикс-Строй» ЖШС құрылыс компаниясының директоры Әміржан Нәбиев айтып берді.

«Қаңтар оқиғасы кезінде әкімдік ғимараты төрт күн бойы өртенді. Паркет, ағаш есіктер, терезелер отқа оранды. Қазір жанбайтын алюминий терезелер орнатылды, барлық қабатта жанбайтын плитка қойдық. Барлық материал отқа төзімді. Бүгінде өрт сөндіру жүйелерінің өзі өртті қысқа мерзімде, тіпті адамның қатысуынсыз да оқшаулауға мүмкіндік береді. Мұның бәрі автоматты түрде жұмыс істейді»-деді ол.

Мердігерлер ғимараттың жер сілкінісіне төзімділігін арттырды. Енді әкімдік 10 балдық жер сілкінісіне қарсы тұра алады. Бұрын ол 8 баллдық жер асты дүмпулеріне төтеп бере алатын.

Реконструкциядан кейін кабинеттердің ауданы өзгермеді. Отандық өндірісті қолдау үшін негізінен қазақстандық өндірістің материалдары, оның ішінде жиһаз және есіктер пайдаланылды. Кабинеттердің конфигурациясы, өлшемдері, орналасуы өзгеріссіз қалды. Ғимаратта барлығы 700 орынға есептелген 360 кабинет орналасқан. Нысанның жалпы ауданы 33 мың шаршы метрден асады. Ғимаратта 14 басқарма мен әкімдік аппараты болады. Осылайша, Алматы әкімдігінің ғимараты қалпына келтірілді, пайдалануға дайын.

Сондай-ақ оқыңыз