«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының инвесторы ауыса ма – Министр жауабы

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы Қазақстанда жұмысын жалғастыруы үшін оның инвесторын ауыстыру шарт емес деп мәлімдеді. «Қазақстан» кенішіндегі қайғылы оқиғадан кейін компания инвесторларын ауыстыру туралы мәселе көтеріле бастаған еді.

Шарлапаев егер инвестор Қазақстанда жұмыс істегісі келсе, онда ол елдің заңнамасына бағынуы керек екенін баса айтты. Сондай-ақ, ол кәсіпорындағы бес кеншінің өліміне қатысты жүргізіліп жатқан тергеу нәтижесі бойынша шара қолданылады деп сендірді.

«Инвесторды ауыстыру – еркіміздегі дүние, яғни бір инвестор кетіп, үлес басқасына берілуі керек. Енді, егер нақты кәсіпорын туралы айтатын болсақ, мемлекет назарын аударып отырған мәселелер жеткілікті. (Тергеу – ред. ескертпесі) аяқталуына қарай кәсіпорынға қатысты шаралар қолданылады», – деді ол үкімет брифингінде.

Министр кәсіпорын өнеркәсіптік қауіпсіздік пен экологиялық талаптарды да сақтауы керегін атап өтті.

«Бұл үлкен трагедия екенін түсініп отырмыз. Біз не істегіміз келеді? Болашақта мұндай өлім-жітім болмауын және кәсіпорында технологиялық қауіпсіздікті нығайтқымыз келеді», – деп түйіндеді сөзін Шарлапаев.

Апат хронологиясы

17 тамыз күні «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында апат болды. Мұнда конвейер таспасынан өрт шықты. Шахтада 227 адам болған. 222 адам оқпан арқылы жер бетіне шығарылды. Кеншілердің 13-і жарақат алса, бес адам қаза тапты. Олардың ең кішісі 27 жаста, ең үлкені 58 жаста болатын.

Жалпы тәуелсіздік жылдары «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахталарында 160-қа тарта кенші қаза тапқан.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай апаттар АМТ-ның Қазақстан нарығында қызмет етуіне қатысты шешім шығаруға ықпал етеді деп мәлімдеді.

ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов «Қазақстан» шахтасындағы өрттің ең алдымен кәсіпорын иесінің кінәсі екенін айтты. Оның айтуынша, бұған дейінгі апаттардан кейін басшылық барлық қажетті шараны қабылдап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, инвестиция салуға уәде берген. Алайда келісімді толық көлемде орындамаған.

Ал Ерлан Қошанов «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының Қазақстан нарығында қалу-қалмауына қатысты тиісті шешімді жақын арада қабылдайтынын мәлімдеген болатын.

Содан кейін кейбір ақпарат көздері компанияны болашақта ресейлік тау-кен металлургиялық «Северсталь» компаниясы сатып алуы мүмкін екенін жазды.  Бірақ Роман Скляр «АрселорМиттал Теміртауды» ресейлік «Северстальға» сату туралы қауесеттерге сене бермеуге шақырды.  

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Қазақстан «АрселорМиттал Теміртау» активтерін тартып алуды көздеп отырмағанын мәлімдеген еді.

Апатты зерттеу үшін құрылған мемлекеттік комиссия өрттің конвейер таспасынан шыққанын, ол таспаның сертификатсыз пайдаланылғанын анықтады. Комиссия қорытындысы бойынша таспа роликтері деформацияланған. Сол бөлікте үйкеліс пайда болып, механикалық жылу шамадан тыс тиелген көмірге беріліп, өртенген. Бір қызығы, таспаның қайда, қалай дайындалғанын «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Виктор Гафиулов та білмейді. Әйтеуір, Үндістаннан келгенін біледі. Оны сол елдегі белгісіз бір компания жасаған. Яғни сертификатсыз дайындалған.

Комиссия сарапшылары таспаның не себепті өртенгенін анықтау үшін шахтаға түсіп, конвейер таспасының бір бөлігін алған. Алынған материал Ресейдің Кемерово институтына талдауға жіберіліп, институт ғалымдары «бұл таспа орташа жанғыш материалдан жасалған» деген қорытындыға келген. Сонымен бірге соңғы екі апта бойы таспаларға лайықты қызмет көрсетілмегені де анықталған.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың айтуынша, кінәлі адамдар тізімінде АМТ бас директордың коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары – Мохан Винит, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ материалдық және техникалық жабдықтау жөніндегі басқарушысы – Покле Шайлендра мен Көмір департаментінің техникалық директоры Андрей Белый бар. Олардың жауапқа тартылған, тартылмағанынан Төтенше жағдайлар министрі бейхабар. Ал полиция әзірге нақты кімнің ұсталып, жауапқа тартылғаны туралы ақпарат берген жоқ.

Жақында «AMANAT» партиясының депутаты Никита Шаталов премьер-министр Әлихан Смайыловтан «Қазақстан» шахтасындағы жағдайды үкімет бақылауынан шығармауды әрі «АселорМиттал Теміртаудың» басшылығын заң негізінде жауапқа тартуды сұрады.

«Бұл «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарындағы бірінші апат емес. Өкінішке қарай, қоғам бүгінде шын кінәлілердің жауапқа тартылатынына сенбейді. Көп жағдайда, жауапкершілікке жәй орындаушылар тартылып жатады, шын мәнінде осындай апатқа ұшырататын шешімдерді басшылық қабылдайды», – деді Никита Шаталов.

Сондай-ақ оқыңыз