3,7 мың адам банкрот: Қазақстандықтардан 110 млрд теңге қарызды кешіруге өтініш түскен

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

Қазақстан азаматтары банкроттық аясында 110 млрд теңгеден астам қарызды кешіруге өтініш тастаған. Бұл өтініштердің басым бөлігі Түркістан және Алматы облысы тұрғындарынан түскен. Наурыздан бері 3,7 мың адам банкрот деп танылды. Бұл туралы Қазақстан Қаржы министрлігінің «Ақпараттық есептеу орталығы» АҚ баспасөз қызметі хабарлайды.

Қазіргі кезде соттан тыс банкроттыққа жалпы саны 67 мың өтініш келіп түскен. Ал сот арқылы банкрот деп тануға 1 мыңнан аса арыз берілген. Банкроттық процесі басталғалы бері 3768 өтініш беруші банкрот деп танылыпты.

2022 жылы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға қол қойылды. Заң 1 қаңтарда ресми түрде жарияланды. 3 наурыздан аталған Заң бойынша банкроттық туралы өтініш қабылдау басталды. Соттан тыс банкроттық туралы алғашқы өтініш 29 наурызда мақұлданды.

Заңда 3 түрлі рәсім көзделген.

Соттан тыс та, сот арқылы банкрот деп тану да – ұзақ уақыт талап ететін процедура. Өтініш жазудан мемлекеттік органдар немесе соттардың шешім шығаруына дейінгі банкрот деп тану процессі 6 айдан бастап одан да ұзақ мерзімге созылуы мүмкін.

«Бірінші жағдайда процедура  банктерге, ШҚҰ, коллекторларға 1600 АЕК – 5,5 млн теңгеден аспайтын мөлшерде қарыз болған, қарызы бойынша төлемді бір жылдан аса уақыт төлемеген және мүлкі жоқ борышкерлерге арналған. Сот тәртібінде бүкіл несие мен қарызын бір жылдан артық төлемеген, ал қарыз сомасы 5,5 млн теңгеден асқан кезде банкрот деп таниды. Екі механизм үшін де қарыз алушы мен несие беруші бұған дейін мәмілеге келуге тырысқаны маңызды», делінген хабарламада.

Егер борышкердің жалғыз баспанасы кепілге қойылған болса, онда қарыз беруші оны тәркілеп, қарыздарын жабу үшін сатуға құқылы екенін білген маңызды.  Егер жалғыз баспанасы кепілге алынбаған болса, несие беруші оған көз сала алмайды.

Өзін банкрот деп жариялағысы келетіндер Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, электронды үкімет порталы сондай-ақ «e-Salyq Azamat» немесе «eGov Mobile» мобильді қосымшасы арқылы өтініш бере алады.

Сонымен қатар, 1414 нөміріне телефон шалып, немесе https://t.me/SalyqBot Telegram чат-ботына сұрақтар қоюға болады.

Банкроттыққа өтініш берген соң, соттан тыс банкроттық туралы шешім шыққан-шықпағанын тексеруге болады. Ол үшін tazalau.qoldau.kz сайтына кіріп, өз ЖСН мен аты-жөніңді енгізу керек.

Айта кету керек, соттан тыс банкроттық рәсімі тегін жүргізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз