«ҚазМұнайГаздың» еншілес кәсіпорны ТШО-дан пропанды көбірек бөлуді сұрап отыр

Жарияланды
«Жаңалықтар» бөлімінің арнайы тілшісі
kpi.kz, shutterstock и freepik

KPI Inc. («ҚазМұнайГаз» бен «Самұрық-Қазынаның» еншілес кәсіпорны) «Теңізшевройл» компаниясынан пропанды келісім-шартта қарастырылғаннан көлемнен көбірек бөлуді сұрап отыр. Бұл туралы KPI Inc. басқарма төрағасы Данияр Тиесов хабарлады.

«Қазан айында өндірісті күн сайын 100 пайыздан асыра орындап жатырмыз… ТШО-мен жасалған келісімшарт бойынша, 2024 жылға дейін 80 мың тоннаға жуық тапшылық туындауы мүмкін… Кеше ғана ТШО басшысымен кездесіп, пропан көлемін қосымша айына 9 мың тоннаға көбейтуді сұрадым», – деді ол Kazenergy форумында.

Пропан тапшылығы KPI біріктірілген газ-химиялық кешенінің іске қосылуы созылып кетуіне байланысты туындап отыр. Пропан жеткізу шарты сонау 2012 жылы жасалған. Кешеннің техникалық шарттары 2015 жылы бекітілсе, құрылыстың өзі 2018 жылы басталды. Кешен өз жұмысын тек 2022 жылы бастағанымен, кейін жөндеу жұмыстарына жабылып қалды.

Оның айтуынша, қыркүйек айында зауыт жөндеуден кейін іске қосылып, пропан қабылдау көрсеткіші 108%-ға жеткен. Пропилен 99 пайызы жоспарға сай өндіріліп жатыр. Зауыттың номиналды қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіруге жетеді, бірақ бұл түпкілікті көрткіш емес.

«Осы жұмыс нәтижесінде шикізат көп болса, полипропиленді көбірек өндіруге болады. Сондықтан бізге көбірек пропан қажет болып отыр», – деді Тиесов.

Серіктестік басшысы шикізат шығыны жоспардағыдан жоғары екенін атап өтті.

«Қазір біздің зауыт сағатына 73,5 тонна жаңа этан тұтынады. Бұл жобалық көрсеткіштерден жоғары. Регидрогенизация реакторларының жүктемесі сағатына 170 тоннаны құрайды, яғни бұл жобалық көрсеткіштен көп. Полипропилен өндіру сағатына 69 тоннаны құрайды», – деді ол.

Оның айтуынша, жоба кепілдік сынақтарынан өтуі керек, сынақ барысында белгілі бір уақыт ішінде өндіріс жоспарланған қуаттың 100 пайызынан асуы тиіс. Бірінші технологиялық процесте пропаннан пропилен, содан кейін одан полипропилен алынады.

KPI акцияларының 49,5 пайызы «ҚазМұнайГаз» АҚ-на, 49,5 пайызы «Самұрық-Қазына Өндеуге» және 1 пайызы Тимур Құлыбаевтың иелігіндегі «Алмекс плюс» фирмасына тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз