Жаңалықтар

2024 жылға қарай КҚК-ның өткізу мүмкіндігін жылына 80 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр – Тоқаев

Фото: Ақорда

Каспий құбыр консорциумының мұнай жөнелту мүмкіндігін 2024 жылға қарай жылына 80 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Shell концернінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында мәлімдеді.

Президент Shell компаниясы 30 жыл ішінде Қазақстан экономикасына 18 миллиард доллардан астам инвестиция салған Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвесторлардың бірі екенін атап өтті. Shell компанияcы әлемдегі ең ірі мұнай-газ конденсаты кен орындарының бірі – Қарашығанақтың операторы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Shell концернінің және басқа да акционерлердің үйлесімді жұмысы Қашағанның «ғасыр жобасын» іске қосуға мүмкіндік бергенін атап өтті.

«Бүгінде Солтүстік Каспий жобасы жаһандық энергия нарығында маңызды рөл атқарады және еліміздегі мұнай өндірісінің 20 пайызын қамтиды. Көмірсутегін өндіруден басқа, оларды әлемдік нарықтарға тасымалдау үшін инфрақұрылым құрудың маңызы зор. Бұл бағыттағы алғашқы табысты жоба – Каспий құбыр консорциумы. Оны жүзеге асыруға «Шеврон», «ЭНИ», «Шелл», «Лукойл» және тағы басқа жетекші мұнай компаниялары қатысты«, – деді Президент.

Мемлекет басшысының дерегінше, 2001 жылдан бастап Каспий құбыр консорциумы арқылы 860 млн тоннадан астам қазақстандық мұнай экспортталды.

«Осы уақыт аралығында КҚК-ның өткізу мүмкіндігі 2,5 есеге жуық өсіп, жылына 67 млн тоннаға дейін жетті. 2024 жылға қарай осы көрсеткішті 80 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. «, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінше, осылайша күш біріктірудің арқасында Қазақстан балама экспорттық бағыттарды белсенді дамыту арқылы өзін энергоресурстардың сенімді жеткізушісі ретінде көрсете алды.

Айта кету керек, КҚК қазақстандық мұнайдың негізгі экспорттық бағыты, бұл құбыр арқылы елде өндірілген «қара алатынның» 80%-дан астамы тасымалданады.

КҚК акционерлері: Ресей Федерациясы (Транснефть (MOEX: TRNF) бақылайтын 24%, баланста 7%) – 31%, Қазақстан (Қазмұнайгаз – 19% және Kazakhstan Pipeline Ventures LLC – 1,75%) – 20,75%, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company – 15%, LUKOIL International GmbH – 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%, BG Overseas Holding Limited – 2%, E.A.ni. Н.В. – 2% және Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75%.