Астана мен Алматы қалаларында Максим Галкиннің концерті өтпейтін болды. Бұл жайлы Бұл туралы Eurostar entertainment халықаралық концерттік агенттігінің басшысы Алексей Пучков мәлімдеді.
«Жоспарланған концерттердің өте аз уақыт қалды. Басқа қалалар мен елдерден келетін адамдар өте көп еді. Алайда біз бұдан артық жауап күте алмаймыз. Концертке келуге ниет білдірген көрерменнің уақытын бағалаймыз. Өкінішке орай, біз қиын шешім қабылдағанымызды хабарлауға мәжбүрміз. Бізге байланысты емес себептермен Максим Галкиннің Алматы мен Астанадағы концерттері жақсы уақыт туғанға дейін тоқтатылатынын хабарлаймыз», деді Пучков.
Көрермендер билеттерді Topbilet.kz сайты арқылы қайтара алады. Билетке жұмсалған ақша ешбір комиссия мен алымсыз, толық көлемде қайтарылады.
Еске сала кетсек, бұл концертті өткізуге басынан кедергілер көп болды. Тамызда Максим Галкин Қазақстанда концерт өткізуге қатысты қиындық туындағанын мәлімдеген болатын.
«Ойдан шығарылған себептер мен тыйымдар бар. Билет сатыла басталды, алайда кейіннен билетті сату тоқтатылды. Менің концерттерімді өткізуден қорқып отырғанына қарағанда, мен Қазақстан билігі үшін қауіпті шығармын», деді ол.
Артистің мәлімдемесінен кейін Астана қаласының мәдениет басқармасы, ұйымдастырушылар қайта жүгінген жағдайда, тиісті заңнамаға сәйкес Максим Галкиннің кешін өткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді.
Содан кейін ресейлік шоумен Максим Галкинге Алматы мен Астана қалаларында концерт өткізуге рұқсат берілгені хабарланған болатын.
Ал концертке бір апта қалғанда екі қалада бірдей, аяқ-асты жоспардан тыс жөндеу жұмыстары басталған. Нәтижесінде концерт залдары жұмысын тоқтататыны хабарланды.
«Бір аптадан соң, Қазақстанда екі концертім өтуі керек. Барлық билеттер сатылды, көрермен толы, кейбір көрермендер басқа қаладан келеді. Алайда бір күні, бір мезгілде Астан мен Алматының концерт залдарының бірінде сахна механикасы, бірінде су құбыры істен шығып қалған. Осыған орай маған мынадай ой келді: бұл залдардың ремонтына мен көмектессем, концертке дейін үлгерер ме екенбіз? Өйткені мен көрермендермен кездесуге асығып тұрмын» деп жазды өнер иесі.
Артисті қолдау мақсатында журналист Динара Егеубаева петиция жариялады.
«Мен Украинадағы соғысқа ашық қарсылық білдірген Максим Галкинді қолдайтын және оны Қазақстанда көргісі келетін көпшілікке үндеу жариялаймын. Қазақ билігінің танымал әрі сүйікті өнерпазға қарсы озбырлық жасауына жол бермеуіміз керек. Қазақстандағы екі үлкен залда күтпеген жөндеу жұмыстарының басталуы туралы ақпарат – ешкім сенбейтін аянышты сылтау ғана. Біз бәріміз бұл нұсқаулардың Кремльден келетінін, біздің биліктің оларға сөзсіз бағынатынын жақсы білеміз. Бұл біздің биліктің шешімі. Шын мәнінде, қазақстандықтардың көбі Украинаның жеңісін, Ресейдің толық жеңілуін тілейді», деп жазды петиция авторы Динара Егеубаева.
Өз кезегінде Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ресейлік артист Максим Галкиннің концертінің Қазақстанда өтпеуінен саяси астар іздемеуге шақырды.
«Мұндай хаттың жолданғанын бірінші рет естіп тұрмын. Егер сол хат жолданған күннің өзінде концерттерді өткізу-өткізбеу мәселесі еліміздің мәдениет саласындағы органдардың құзыретінде. Халық кімді тыңдап, кімді тыңдағысы келмейтінін өзі шешеді. Өнер мен мәдениет саясаттан тыс болуға тиіс», – деді Смадияров.