Жаңалықтар

Қазақстанға келетін 3 банктің біреуі аграрлық банк болуға тиіс – депутат

Фото: kursiv.media

Бүгін Мәжіліс отырысында «Ауыл» партиясының депутаттары аграрлық саланы қаржыландыру мәселесін көтерді. Осы орайда мәжілісмендер Қазақстаға шақырылатын қаржы ұйымдарының біреуі аграрлық банк болуға тиіс деп тұжырымдайды.

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдаған Жигули Дайрабаев бұл мәселені көтеріп отығаны бірінші рет емес екенін айтып өтті. Бұған дейінгі жолдаған сауалына үкімет «агробанк құрылатын болса, ол тиімсіз жұмыс істейді және бюджеттен тұрақты түрде ақша бөлінуін талап етеді» деп жауап берген. Алайда Үкімет жауабына Дайрабаевтың көңілі толмаған.

«Сонда, «Отбасы банкі», «Қазақстан даму банкі» де мемлекеттің қолдауынсыз жұмыс істеп отырғаны ма? Баспана аламын деген азаматтарға бюджет тарапынан сыйақы беріледі, «Қазақстан даму банкінің» жобаларына да мемлекеттен тікелей қаржы бөлінеді. Сонда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін аграрлы сала үшін құрылатын агробанктің маңызы аталған екеуінен кем болғаны ма?»- деп сауал тастайды депутат.

Жигули Дайрабаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығындағы жағдай аянышты.

«Осы орайда, елімізге шақырылатын 3 халықаралық қаржы мекемелерінің бірі аграрлық бағытта болуы керек деп есептейміз. Бұл қаржы нарығындағы бәсекелестікті арттырады және еліміздің азық-түліктік қауіпсіздігін күшейтуге, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын, тұрмысын жақсартуға мүмкіндік беретін шаралардың бірі», -деді ол.

Айта кетейік, Қазақстан халқына арналған дәстүрлі Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы қаржыландыру саласындағы бәсекені арттыру үшін шетелден 3 сенімді банк тартуды ұсынған.

«Банк саласындағы тағы бір өзекті мәселе – барлығы бірнеше банктің қолында шоғырланған. Қазір Қазақстанда 21 банк бар. Бірақ корпоративті секторға несие берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана айналысады. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банкті тартқан жөн»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Ұлттық банктің қаржы ұйымдарын дамыту департаментінің директоры Батырхан Иралимов елімізде жаңа агробанк құру орынсыз деп мәлімдеген.

«Агробанкті құру мәселесі бірнеше рет көтерілген. Ұлттық банк өз ұстанымын айтқан. Ашығын айтқанда салалық банкті құру орынсыз. Практикада мұндай банктер болған. Алайда оның жұмысы сәтті болмаған. Біз барлық қолдау шарасын қолданыстағы даму институттары арқылы мемлекеттік, бюджеттік бағдарламалар шеңберінде іске асыруға болады деп санаймыз. Агроөнеркәсіптік кешеннің тәуекелі жоғары болып саналады. Сондықтан барлық тәуекелді бір банкте шоғырландыру орынсыз», – деді директор Сенатта өткен дөңгелек үстелде.

Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов та Ұлттық банктің позициясын қолдайтынын айтты.

«Осыдан 10-20 жыл бұрын Агробанк мәселесі көтерілген. Оны құрғаннан қандай нәтиже күтеміз? Біз онда төмен ставка болады және кепілдік беру саясаты басқаша болады деп күтсек, ол – дұрыс емес. Өйткені банк нарықтық жағдайда нарықтық ортада жұмыс істеуі керек. Ол қаржыландырылуы шарт. Мемлекет оған жарғылық капитал берсе де, ол нарықта қор жинайтыны анық… Мұндай банктің ұзақ мерзімде тұрақты жұмыс істеуі күмән туғызады», – деді министрдің орынбасары.