«ҚазМұнайГаз» бен Exxon Mobil «Теңіз» кен орнындағы мұнай өндірісін жылына 40 млн тоннаға дейін арттырмақ

Жарияланды

Фото: kursiv.media

ҚазМұнайГаз бен Exxon Mobil компаниясына ортақ Сағалық қысымды басқару жобасы/ Болашақ кеңейту жобасының құрылысы яқталуға жақын. Бұл жоба Теңіз кен орнындағы мұнай өндіру көлемін жылына 40 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚМГ баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Exxon Mobil компаниясының аға вице-президенті Джон Уиланмен кездесіп, ортақ жобаларының іске асырылу барысын талқылаған.

Қазақстанда мұнай химиясы саласының даму қарқынына орай, Газ бөлу кешенінің құрылысы жобасының маңызы арта түседі. Қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз» полиэтилен өндіру жобасын қолға алғаны белгілі. Болашақ зауыт шикізат ретінде Газ бөлу кешенінде ТШО құрғақ газынан алынған этанды қолданады.

Теңіз мұнай кен орны – 1979 жылы ашылған және әлемдегі ең терең мұнай кен орны. Оны әлемде баламасы жоқ Қазақстанның мұнай-газ саласының маржаны деп атайды. Операторы – «Теңізшевройл»  ЖШС.

Құны 46,7 млрд доллар тұратын Болашақ кеңейту жобасы/Сағалық қысымды басқару жобасын «Теңізшевройл»  ЖШС жүзеге асырып жатыр. Жоба ТШО өндірісін жылына 12 млн. тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. БКЖ бойынша қазақстандық болжамды қамту 36%-ті құрайды.

Еске сала кетсек, бастапқыда жоба құны 12 миллиард долларды құрады. Кейіннен бұл көрсеткіш 37 миллиард долларға жетті, ал қазірдің өзінде шамамен 47 миллиард долларға бағаланады.

«Теңізшевройл» компаниясының қатысушылары – «Chevron» – 50%, Exxon Mobil – 25%, «ҚазМұнайГаз» – 20% және Лукойл – 5%.

БКЖ/СҚБЖ бойынша:
   – Қуаты жылына 12 млн. тонна Үшінші буындағы зауытын (ҮБЗ) салу;
   – Қуаты жылына 9,4 млрд. м3 Үшінші буындағы шикі газ айдау объектілері (ШГАЗ);
   – Мұнай жинау және ұңғымаларды бұрғылаудың жаңа жүйесін салу;
   – Сағалық қысымды арттыру жүйесі, Прорва порты, инфрақұрылымдық және қосалқы объектілер салу жоспарланған.

Жобаны іске асыру мерзімі – 2012-2024 жылдар аралығы. Бұған дейін сарапшылар Теңіз кен орнын кеңейту кейінге шегерілуіне байланысты жоба құны қымбаттай түседі деген еді.

Сондай-ақ, кездесуде Қашағанды игеру барысы қаралды. Кен орнын игеру кезеңдерін уақтылы орындау мәселесі стратегиялық маңызға ие екені атап өтілді.

«Біз компаниялар арасындағы серіктестік пен сенімді қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. «ҚазМұнайГаз» бірқатар стратегиялық бағыт бойынша Exxon Mobil компаниясымен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды көздейді», – деп атап өтті М.Мырзағалиев.

Сондай-ақ оқыңыз