Жаңалықтар

Теріс діни үрдіс саяси сипат алып бара жатқан жоқ па деген де қатер бар – Ермұрат Бапи

Депутат Ермұрат Бапи теріс діни ағымдардың күш алып бара жатқанына алаңдаулы/ qaz365.kz

Діни бағыттағы теріс ағымдар ұлттың бірлігі мен ұлттық даму дәстүріне және мыңжылдық қазақи ислам салтына қарсы шабуыл жасап жатыр. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Премьер-министр Әлихан Смайылов пен ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевтың атына депутаттық сауалында осылай деп мәлімдеді.

Мәжілісменнің айтуынша, кейінгі жылдары Ислам дінін жамылған жат ағымдар қоғамға әлеуметтік-тұрмыстық жарқыншақ салып, ол саңылау барған сайын ажырап барады.

«Тіпті, қоғамның шырқын бұзып, мемлекеттік тұтастыққа ауыз сала бастаған жарқышақ қазақ халқының ұлттық бірлігі мен ұлттық даму дәстүріне және мыңжылдық қазақи ислам салтына қарсы шабуылға айналған сыңай танытады. Бұл теріс діни үрдіс саяси сипат алып бара жатқан жоқ па деген де қатер бар. Себебі халықтың кемшін діни білім-танымын пайдаланған теріс діни топ жанталасып, қоғамға жалған рухани құндылықтар мен бөтен дәстүрлерді сіңіру қамын жасауда», – дейді ол.

Оның пайымдауынша, Парламент депутаты Ринат Зайытовтың азаматтық пікіріне қарсы шабуылдар осындай саяси қатердің сипатын сездіреді.

«Қоғамды арабтық-уахабтық діни ұстаным негізде бөлшектеуге бағытталған бұл әрекеттерге біздер – депутаттар жайбарақат қарап отыра алмаймыз! Біз мыңжылдық домбыраны харам қылуға жол бермейміз! Бұл әрекеттер елдің ұлттық құндылықтар жүйесі мен рухани негізіне жасалып жатқан шабуыл деп түсіну керек!», дейді ол.

Мәжілісмен депутаттық сауалында бұл исламдық секта Қазақстанның біраз аймағында: әсіресе Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірінде етек жайып бар жатқанын айтады. Бұл өңірлердің шағын бизнесін, әсіресе базар саудасы төңірегін уахабшылар – салафизм идеясына табынушылар басып барады. Яғни,  теріс сектаның дамуына кеңінен мүмкіндік беріп, жан-жақты жағдай жасап отырған жергілікті билік өкілдері бар дп тұжырымдайды ол.

«Жасыратыны жоқ, мемлекеттік биліктің өз ішінде де уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар деген дерек менің құлағыма жетті. Егер осы сөз қаңқу емес, нақты жағдай осылай болса, онда біздің тәуелсіз мемлекеттігімізге шынында да қатер төнгені. Тағы бір мойындайтын мәселе – «Ескі Қазақстан» бұл қатердің шоғын үрлей түсуде. Қазақтың ұлттық дамуына қатерлі уахабизм идеясын халықтың біраз бөлігіне сіңірген «ескі режим» елді әлеуметтік топтарға бөлу арқылы өзінің жеке дара билігін мейілінше ұзақ сақтауды көкседі. Бүгінде сол «ескі Қазақстан» қазақтың ұлттық дәстүріне жат діни идеология арқылы «Жаңа Қазақстанның» жасампаздық жолына кесекөлденең тұруға ниетті. Оның алғашқы қанды нәтижесін Қаңтар оқиғасы кезінде көрдік», деді ол.

Сондықтан депутаттың айтуынша, ендігі жерде «мемлекет – діннен бөлек» немесе «дін – мемлекеттен бөлек» деп, сырттай бақылаушы болып, самарқау отыруға болмайды. Мұндай саяси тоғышарлық позиция біздің ұлттық тұтастығымыз бен мемлекеттік бірлігімізге бірте-бірте ор қазып жатқынын түсінетін кез келді.

Осы орайда Мәжіліс депутаты Әлихан Смайыловтан министрлер кабинеті қалыптасқан күрделі жағдайды түйсініп отыр ма деп сауал тастады. Оған қоса Үкімет пен Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті және уәкілетті органдар бірлесіп, ұлттық алауыздықты шұғыл тоқтатудың қандай шаралары қолға алынып жатқанын сұрады,

«Үшіншіден, бұдан 12 жыл бұрын – 2011 жылдың 11 қазанында қабыл­­данған«Діни қызмет және діни бірлес­тіктер туралы»заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізудің қоғамдық қажеттілігін көтеретін кез келген жоқ па?», – деді ол.   

Депутат Қазыбек Иса да әріптесінің пікірін қолдап, діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салатын кез жетті деп мәлімдеді.

 Оның айтуынша, «Ақ жол» партиясы  парламентте талай жылдан бері діни теріс ағымдарға қатаң тосқауыл қоятын заң қабылдауды ұсынып келеді.

«2011 жылы бұл мәселені билік те қолға алып, барлық министрлік пен Бас прокуратура мен Жоғары сот та қолдағанда, қай орган қарсы болды?!. Тек Ұлттық Қауіпсіздік комитеті қарсы шығып, осы тыйым салу заңға енбей қалды», деді ол.

Бұған дейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қоғамда дау тудырған мәселелер туралы пікір білдірген еді.

«Домбыра – харам» деген әңгіме шықты. Мұны айтып жүрген азаматтарға айтарым: біздің ғасырлар бойы қолына домбыра ұстап жүрген бабаларымыз сонда күнәҺар болғаны ма? Бұл жерде біз теріс діни ағымда жүрген, конституциямызға қайшы әрекеттерге, әрине заң жүзінде тыйым салуымыз керек», дейді Қошанов.