«6 айдан кейін тексеремін»: Президент тапсырма берген күні Цифрлық даму министрлігі 176 ауылға интернет қосыпты

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
религия
Фото: t.me/aqorda_resmi

Президент ауыл мектептеріне тез арада жылдамдығы жоғары интернет қосуды тапсырды. Бұл тапсырманың қаншалықты орындалғанын жарты жылдан кейін тексермек. Бұл туралы мемлекет басшысы Ұстаздар күніне орай өтіп жатқан жиында мәлімдеді. Дәл бүгін Цифрлық даму министрлігі шалғай жатқан 176 ауыл интернетке қосылғанын хабарлады.

«Ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету – Цифрлық даму министрлігіне де, облыс әкімдеріне де жүктелетін жауапкершілік. Алты айдан кейін берілген тапсырманың орындалуын тексеремін. Жалпы, білім беру жүйесін мүлде жаңа деңгейге шығару үшін ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстарын жүргізуіміз керек. Ең алдымен, 2027 жылға дейін интернет желісі әлі тартылмаған мектептердің бәрін жылдамдығы жоғары интернетке қосу қажет. Бұл ретте олардың әрқайсысында жергілікті желі орнатылуы керек», – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, цифрлық шешімдер озық педагогикалық тәжірибені тез әрі тиімді түрде кеңінен таратуға мүмкіндік береді.

«Сол арқылы, тіпті, шалғай аудандардағы оқушыларды еліміздің және әлемнің үздік ұстаздарының материалдарымен және сабақтарымен қамтамасыз етуге болады. Сондықтан еліміздегі барлық ауыл мектебіне жылдамдығы жоғары интернетті қолжетімді ету мәселесін шешу аса маңызды. Бұл – Үкіметтің алдындағы шұғыл міндет», -деді ол.

Тоқаев бұл өзекті мәселені шешуге «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы септігін тигізетіні атап өтті.

ЦДИАӨМ хабарлауынша, «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ «Kazopiclink» ЖШС байланыс операторымен бірлесе отырып, Wi-Fi HotSpot технологиясын (қоғамдық Интернетке кіру нүктесі) пайдалана отырып, Қазақстан бойынша 176 ауылдық елді мекенді қосқан.

«Бұл қызмет 176 ауылдың тұрғындарына тегін беріледі. Енді олар қажетті мемлекеттік цифрлық қызметтерге, электронды банкингке және бүгінгі күні ең сұранысқа ие басқа да қызметтерге қол жеткізе алады», – деді министр Бағдат Мусин.

Алдағы уақытта еліміздің коммуникациясы шалғай аудандарда орналасқан тағы 328 ауылды қосу жоспарланған.

Бұған дейін телекоммуникация комитетінің басшысы Ержан Мейрамов, 2027 жылы 5G еліміздің 75 пайызын қамтитынын, алайда оған 1,2 трлн теңге көлемінде қаражат керек екенін айтқан.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын жүзеге асыруға 1,2 трлн теңге керек. соның 500 млрд теңгесі – мемлекеттік бюджеттен. Қалғаны – ұялы байланыс операторларының қаржысы. Онда көптеген жоба бар. Ірі жобаның бірі – үш мыңнан астам ауылға оптика жеткізу. Біз жобаны Дүниежүзілік банкпен бірлесіп қарастырамыз. Кіші және шағын операторлар ауылдарға оптика жеткізу үшін оларға 48 млрд теңге субсидия беру қаралады», дейді Ержан Мейрамов.

Сондай-ақ оқыңыз