Республикалық педагогтер съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мектептің ең қауіпсіз орынға айналуға тиіс екенін айтты.
«Мектепте балалар өздерін қай жағынан да жайлы сезінуі керек. Бөгде адамдардың мектепке кіруіне жол беруге болмайды. Сондықтан, білім ошақтарының бәріне дабыл қағу, бейнебақылау жүйесі орнатылады. Жақында Астана мектептерінің бірінде оқыс оқиға болды. Оқушы ауыр жарақат алды. Бұл жағдай білім ошақтарында қауіпсіздік талаптары толық сақталмайтынын көрсетіп отыр. Әсіресе, көп жыл бұрын салынған ескі мектептер талапқа сай емес», деді.
Осы орайда министрлікке әкімдіктермен бірлесіп, мектептердің қауіпсіздігін толық тексеруді тапсырып, жаңа мектептердің жобасын жасағанда бұл мәселе мұқият ескерілуі қажеттігін айтты. Сонымен бірге қоғамда белең алған буллинг мәселесіне тоқталып өтті.
«Өкінішке қарай, оқушылардың бір-біріне әлімжеттік, тіпті, зорлық көрсетуі тыйылмай отыр. Соның кесірінен олар өз-өзіне ол жұмсауға, яғни суицидке дейін баруда. Буллинг балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына және олардың жан дүниесіне орны толмас зиянын тигізеді. Сондай-ақ, оқу үдерісіне кері әсер етеді. Балалардың әлеуметтік ортадан шеттеп қалуына, ой-санасының бұзылуына әкеп соқтырады. Мемлекет баланың құқығы мен қауіпсіздігінің қорғалуын қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ, буллингке біржола тосқауыл қоюы қажет», деді президент.
Сондай-ақ соңғы кезде өзіне ата-аналардан зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты көп хат келіп түсетінін айтты. Бұл мәселені ІІМ мен Бас прокуратураға қатаң қадағалауды тапсырды.
«Соңғы уақытта маған зорлық-зомбылық көрген балалардың ата-аналарынан өтініштер келіп түсуде. Ашығын айтқанда, мұндай хаттарды оқу оңай емес. Жасөспірімдердің қылмыстық психологиясы мен кейбір мұғалімдердің немқұрайлығының құрбаны болған балалардың жай-күйі жүректі ауыртады. Мен Президент Әкімшілігіне қылмыс жасағандарды заң жүзінде жазалау үшін осындай жағдайлардың бәрін айрықша бақылауға алуды тапсырдым. Мұндай адамдарға басқа айтар сөзім жоқ. Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура балалардың қауіпсіздігіне қатысты өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқаруға тиіс. Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен мұндай жағдайлардың бәрін тіркеп, маған баяндауы қажет. Қатаң шара қолданамыз», деді мемлекет басшысы.
Мектептерде зорлық-зомбылық жасаушыларды басқа жолмен тоқтату мүмкін еместігін айтқан ол, білім ошақтарында қылмыстық психологияның таралуы секілді келеңсіздікті түбірімен жою маңызды екенін атап өтті. Сол үшін де жиынға Ішкі істер министрі мен Бас прокурордың бірінші орынбасарларын арнайы шақыртқанын, тапсырманың орындалуын талап ететінін ескертті.
«Мен кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасаған адамдардың жазасын қатаңдатуды тапсырдым. Бұл бастама жақын арада жүзеге асады. Жалпы, балаға психологиялық қысым жасалмауына, ең алдымен, ата-ана жете көңіл бөлуі керек. Ондай оқиға болса, мектептегі медиация қызметі мұғалімге және ата-анаға ескертіп, кәсіби медиаторлармен бірге балаға барынша көмек беруге тиіс», деді президент.
Мемлекет басшысы ата-аналарға балаларды мұғалімнің алдында орынсыз қорғамауға кеңес берді.
«Барша ата-анаға айтарым: балаларыңыздың зорлық-зомбылық жасауына, қоғамдық тәртіпті бұзуына ерік бермеңіздер. Әсіресе, оларды мұғалімдердің алдында қорғамаңыздар. Баланың бетінен қақпаймын деп, оның теріс қылықтарына көз жұма қараудың соңы келешекте қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін. Алдағы уақытта заңға қайшы әрекеттерге бармас үшін мектеп тәртібін бұзушыларға алдын алу шараларын қазір қолданған жөн», деді Тоқаев.