SPO: KEGOC акцияларының екінші жария сатылымынан табыс табуға бола ма?

Жарияланды

KEGOC қор биржасына қосымша 15,3 миллион акциясын орналастырады. Осы орайда «Курсив» компания қызметінің көрсеткіштері мен сарапшылардың болжамы негізінде оператор SPO-сы қаншалықты табысты боларын бағамдап көрді.

Коллаж: Илья Ким

KEGOC АҚ – Қазақстан Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторы. Ол Ұлттық электр торабының (ҰЭТ) активтеріне иелік етіп, басқарады. 2014 жылдың соңында компания отандық қор нарығына шыққанын ресми түрде жариялады. Халықтық IPO қорытындысы бойынша сұраныс (16,68 млрд теңге) ұсыныстан (13,13 млрд теңге) 27%-ға асып түсті.

Компанияның 90 пайыз акциясы «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі болса, 7,5 пайыз акциясы БЖЗҚ иелігінде. Қалған 2,5 пайыз акциясы «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында жеке инвесторларға сатылған.

Өткен аптада компания акцияларының екінші жария орналасуы қараша айының алғашқы онкүндігіне тұспа-тұс келетінін мәлімдеді. SPO аясында компания 15 294 118-ге дейін жай акциясын ұсынбақ. Листинг KASE алаңында өтеді және қарашаның бірінші онкүндігінде AIX алаңында өтеді деп күтілуде. Орналастыру бағасы бір жай акцияға 1 482 теңгені құрайды.

«KEGOC» АҚ-ның 17 және одан да көп акциясына ие акционерлер 28 қыркүйек пен 27 қазан аралығында (қоса алғанда), акцияларды сатып алудың басым құқығын пайдалана алады. Ал, жаңа инвесторлардың өтінімдерін қабылдау 16 қазан мен 2 қараша аралығында жалғасады.

«KEGOC» АҚ SPO қосымша эмиссия жолымен өтеді. «Фридом Финанс» АҚ, «Halyk Finance» АҚ және «SkyBridge Invest» АҚ – бірлескен үйлестірушілер мен букраннерлері. Бірлескен андеррайтерлер – «BCC Invest» АҚ және «Jusan Invest» АҚ.

KEGOC акциялары несімен тартымды?

Оған бірнеше себеп бар. Соңғы қаржы есептілігі компанияның табысы жаман емес екенін байқатады.

Оған қоса, стратегиялық маңызды нысандарды басқаратындықтан, мемлекет қолдауына ие болу ықтималдығы жоғары. ҚҚҚ сарапшылары компанияның мелекетпен тығыз байланысы инесторлардың қызығушылығын тудыруы мүмкін деп тұжырымдайды. Компания елдегі негізгі электр желілерінің жалғыз операторы, квазимемлекеттік монополияға жатады. Бұл компанияның қызметіне мемлекет тікелей және жанама қолдау көрсететінін, несие рейтингі жоғары және Қазақстанның электр энергиясына өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін тұрақты дамып отыратынын байқатады.

Биыл мамыр айында S&P агенттігі «KEGOC» АҚ рейтингін «Тұрақты» деп растады. Агенттік сондай-ақ Қазақстан экономикасындағы KEGOC-тың «өте маңызды» рөліне байланысты мемлекеттік қолдаудың ықтималдылығын «жоғарыдан» «өте жоғарыға» дейін көтерді.

Жақсы қаржы көрсеткіштері. Жақында компания 2023 жылдың бірінші жартыжылдықтағы қызметін қорытындылап, 23 млрд теңге таза пайда тапқанын мәлімдеді. 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда негізгі қызметтен түсетін кіріс 11 572 млн теңгеге немесе 11,3%-ға өсті, оның 10 061 млн теңгесі реттелетін қызметтер бойынша тарифтер мен көлемнің өсуі нәтижесінде қалыптасқан.

Jusan Invest сарапшылары KEGOC-тың басқа мемлекеттік компаниялардан айырмашылығы – жалақы қорына айтарлықтай тәуелді емес екенін айтады: 2022 жылы еңбекақы қоры 29,7 млрд теңгені құрап, жалпы операциялық шығыс 175,7 млрд теңгеге жеткен.

Жаңа тарифтік кесте. 10 шілдеде «KEGOC» АҚ Қазақстанда «Электр энергиясын бірыңғай сатып алушы» тетігінің енгізілгенін хабарлап, осы тетік аясында 2023 жылғы 1 шілдеден 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін тариф өзгеретінін мәлімдеді.

«Негізгі өзгеріс ұлттық электр желісін (ҰЭЖ) пайдалану бойынша жаңа қызметтің пайда болуы. Бұл қызмет «Электр энергиясын беру» қызметінен бөлінген. Енді тасымалдау көлемі айтарлықтай азаяды деген болжам бар», – деп жазады Freedom Broker сарапшылары.

Сондай-ақ, жаңа механизм аясында электр энергиясын жеткізу қызметінің тарифі айтарлықтай өсті. Бұрынғы тарифтермен салыстырғанда 10% жоғары болмақ. Дегенмен, диспетчерлік қызмет тарифі аздап өсті, ал электр энергиясын теңгерімдеу қызметі шамамен 40%-ға төмендеді. Сарапшылар бұл шара компанияға шығынның алдын алуына мүмкіндік береді дейді.

Неге мән беру керек?

KEGOC акцияларының баға белгіленімі. 2022 жылдың бірінші жартысында Қазақстан қор нарығы 27,2%-ға төмендеп, құлдырау аймағына көшті. Ең төменгі мән 17 маусымда тіркелген болатын: 2617,15 тармақ. Осы уақыт ішінде «KEGOC» АҚ акциялары құнының 14,2%-ын жоғалтты. Екінші жартыжылдықтың басынан жергілікті қор нарығында баға қалпына келгені байқалды. «KEGOC» АҚ – биыл жартыжылдықты 2,8% төмендеумен жапқан жалғыз компания. Бұл кіріске қатысты өндіріс шығындарының (+37,8%) жылдам өсуіне, қаржылық шығын мен басқа да шығындардың айтарлықтай өсуі себебінен 2022 жылы таза табысының күрт төмендеуіне байланысты болуы мүмкін. 2021 жылдан бері KEGOC акциялары биржадағы құнының шамамен 17%-ын жоғалтты. Екінші жағынан,  IPO-дан кейін үш жылда компания акцияларының құны 3 есе өсті. Алдағы SPO компания акцияларының қайта қымбаттауына ықпал етуі мүмкін.

Қазақстанның энергетика инфрақұрылымының тозуы және апатты жағдайлардың көп орын алуы 2022 жылы елдегі энергия тапшылығының негізгі себебіне айналды. Сонымен бірге, Halyk Finance мамандары елімізде электр энергиясын өндіру шегіне жетуге байланысты электр қуатының тапшылығы уақыт өте келе артады деп пайымдайды. Бұл фактор электр желісі операторының күрделі шығынының артуына әкеп соғуы ықтимал.

Қарыз жүктемесінің артуы. SPO-дан бөлек, компания Қазақстанның БЭЖ оңтүстік аймағын нығайту жобасына қосымша қарыз алуды жоспарлап отыр. Қазір банктермен келіссөз жүргізіліп жатыр. N1broker сарапшысы Николай Рузайкиннің айтуынша, бұл да компанияның қарыз жүктемесін арттырады. Сонымен қатар, компания облигациялар шығарылымын өтеуді кідіртіп отыр.

Дивиденд бөлу. SPO басталуымен компания бір акцияға 77,74 теңге немесе бірінші жартыжылдықта 20,2 млрд теңге көлемінде дивиденд төлейтінін жариялады. Бұл 2022 жылғы нәтижеден 19 артық. Алайда дивиденд алатын акционерлердің тізілімін белгілеу күні бұған дейін жарияланған 10 қазаннан 26 қыркүйекке ауыстырылып, жаңа акционерлер үшін жағымсыз жаңалық болды. Сарапшылардың пайымдауынша дивиденд табысы 7,3 пайыздан аспайды.

Акциялары қаншалықты өседі?

Жағымды қаржы есебі, дивиденд саясатындағы өзгерістер және акциялады қайталама орналастыру «KEGOC» АҚ акциялары бағасының өзгеруіне жол ашты.

BCC Invest тұрақты дивиденд төлемдері, жаңа қызмет енгізуі және жаңартылған тариф саясаты компанияның еркін ақша айналымына оң әсер етеді деп болжайды. Брокер болжамынша, «KEGOC» АҚ бір жай акциясының әділ құны 1 901,6 теңгені құрайды.

SkyBridge Invest өкілдері де «KEGOC» АҚ акцияларын сатып алуға кеңес береді. «Біздің мақсатты бағамыз өзгеріссіз қалды – 1950 теңге деңгейінде», -делінген брокер хабарламасында.

Jusan Invest соңғы қаржы есебіне сүйене отырып, «KEGOC» АҚ акциялары бағасын бір акция үшін 1380 теңгеден 1845 теңгеге дейін көтерді.

N1broker қазіргі қаржы нәтижесі мен компания басшылығының мәлімдемесін ескере отырып, акциялар 10–15% аралығында қымбаттайды деген болжам жасайды. Бұл KEGOC акциясы үшін 1 630–1 704 теңге бағасына сәйкес келеді. Брокер аз ақшамен SPO-ға қатысуға болады деп санайды. Ал бұрынғы акционерлеріне бағалы қағаздары әзірге ұстап отыруға кеңес береді.

Freedom Broker болса, KEGOC акциялары бағасына қатысты болжамын төмендетті. Айта кетейік, SPO сәтті өтсе, компания 22,7 млрд теңге алады. Алайда дивиденд қысқартылғандықтан, сарапшылар бағалау моделінен дивидендтерге салынған 20,2 млрд теңге сомасын алып тастады. Нәтижесінде бағалау моделіндегі ақшалай қаражат көлемі 80,1-ден 82,6 млрд теңгеге дейін өсті. Сонымен қатар, компания акцияларының саны 15,3 миллионға дейін көбейеді, бұл да олардың бағалау құнын төмендетеді. Осы параметрлерге сүйене отырып, Freedom Broker KEGOC бір акциясы өсу әлеуетімен 1610 теңге болады деп болжайды.

Сондай-ақ оқыңыз