фото: kursiv.media
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Назарбаевтың мектептер кеңесінде, Университетте және Тұңғыш Президент қорының Жоғары Қамқоршылық кеңесі Төрағасы болды. Ақпарат Назарбаев зияткерлік мектебінің сайтында жарияланды.
Енді Жоғары қамқоршылық кеңестің төрағасы Әлихан Смайылов болды. Сонымен қатар, кеңестің құрамында:
- Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев,
- Премьер-Министрдің Әлеуметтік сала мәселелері жөніндегі орынбасары Тамара Дүйсенова,
- Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Әсет Ерғалиев,
- жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек,
- Назарбаев университеті президентінің міндетін атқарушы Адесида Илесанми бар.
Еліміз бойынша 20-дан астам «Назарбаев Зияткерлік мектептері» бар, олар бәрі дерлік ірі қалаларда ашылған.
Естеріңізде болса, депутат Мұрат Әбенов Назарбаев Университеті қызметін сынға алған еді. Депутат 15 жылда қыруар қаржы төксек те, нәтиже жоқ деген пікірді алға тартты. Оның айтуынша, 2020 жылы ғылымға – 7 млрд 600 млн теңге, 2021 жылы – 7 млрд 21 млн теңге, 2022 жылы – 2 млрд 154 млн теңге бөлінген.
Кейіннен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Назарбаев Университеті бөлек өзінің заңымен реттелетініне назар аударып, қамқоршы кеңесінің көптігін сынады.
«Оның басқару жүйесі өте күрделі екен. Енді-енді өзіміз түсініп жатырмыз. Жоғары қамқоршы кеңес, үш қамқоршы кеңес, Назарбаев қоры бөлек, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» бөлек, Назарбаев университеті өзі бір бөлек. Оның қамқоршы кеңесінің үстінен тағы бір қамқоршы кеңес қарайды. Мен қазір министр ретінде қамқоршы кеңестің мүшесі де емеспін. Мені қамқоршылық кеңеске кіргізу үшін заңды өзгертуіміз керек. Үкімет деңгейінде қазір сол заңға тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр. Күрделі процесс», – деді Саясат Нұрбек.
Назарбаев Университетін 13 жылға жуық басқарған Шигео Катсу 15 маусымнан бастап қызметтен кетті.
Смайылов наурыз айында «Назарбаев Университеті» ДББҰ Қамқоршылық кеңесінің кезекті отырысын өткізіп, ЖОО-ға ғылыми-зерттеу қызметін коммерцияландыруды одан әрі нығайту қажет екенін айтты.
20 қыркүйекте Мәжіліс депутаттары Назарбаевты Қорды басқару жөніндегі кеңестен алып тастайтын «ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заңға енгізілген түзетулерді мақұлдады. Бұл тұңғыш президенттің соңғы мемлекеттік қызметі. Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің өмір бойғы төрағасы, «Нұр Отан» партиясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының басшысы болған. Назарбаев атақтардан бөлек Елбасы мәртебесін де жоғалтты.