Жаңалықтар

Қоғамдық орындарда хиджаб киюге шектеу қойылады – Балаева

фото: kursiv.media

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында жаңа заңға хиджаб, никаб және шолақ шалбар киюге тыйым салу енгізіле ме деген сұраққа жауап берді. Балаева діни ағымдардың күшейгенін, жаңа заңға бұл нормалар ұсынылатынын және дін туралы заң қайта қаралатынын айтты.

Министрдің айтуынша, терроризм және діни экстремизм қағидаларын қамтитын 14 860 материалдың анықталып, дәстүрлі емес діни ағымдардың белсенді жұмыс істеп жатқанын айтты:

«Мәселе халықтың діндарлығында емес, діни сауатсыздығында. Әрине, бүгінде дәстүрлі ағымдармен қатар дәстүрлі емес діни ағымдардың белсенді жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан бұл бағытта министрлік үш бағыт бойынша жұмыс жүргізеді: тәулік бойы мониторинг, әсіресе әлеуметтік желілер мен интернет-басылымдарда деструктивті сипаттағы материалдарды анықтау. 1 қаңтар мен қыркүйек айының соңына дейінгі кезеңде интернетте үгіт-насихат, терроризм және діни экстремизм қағидаларын қамтитын 14 860 материал анықталды.

Бұл осындай діни ағымдардың жұмысының күшейгенін көрсетеді. Әрине, біз депутаттарымыздың өтініштерін мұқият тыңдап, зерделейміз. Әрине,  бұл бағытта «Дін туралы» заңның кейбір нормаларын қайта қарау бойынша жұмыс істейміз, – деді Аида Балаева Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында министрден жаңа заңға хиджаб, никаб және шолақ шалбар киюге тыйым салу енгізіле ме деген сұрақ қойылды. Балаева жаңа заңға бұл нормалар ұсынылатынын айтты.

«Міндетті түрде тыйымдар болады. Қоғамдық орындарда діни киімдер киюге шектеу қойылады. Мен бүкіл әлемдік тәжірибені зерттедім, өйткені бұл – ұлттық қауіпсіздікке қатысты мәселе. Қоғамдық орындарда бетін жауып жүретіндерді тану өте қиын. Бұл мәселе қоғаммен бірге талқыланатын болады. Біз уәкілетті орган ретінде осы бағыттағы жұмысты күшейту және осы бағыттағы заңнамалық нормаларды қатаңдату бойынша жұмыс істейтін боламыз», – деді министр.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда дін мәселелері өзекті болып отыр. Сондықтан қазіргі биліктің міндеті – халықтың діни сауатын арттыру.