Жыл соңына дейін инфляция 10%-ға төмендеуі мүмкін – Ұлттық банк төрағасы

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: kursiv.media

Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов жыл соңына дейін инфляцияның 10%-дан төмендеуі мүмкін екенін айтты. Ол сонымен бірге базалық мөлшерлемені төмендетуде Ұлттық банктің не себепті сақтық танытып отырғанына тоқталды.

«Біздің базалық мөлшерлемені түсіруге келгенде сақтық танытып отырғанымыздың бір себебі, әзірге тәуекелдер көп. Егер жыл соңына дейін біз бірқатар шараларды үйлестіре отырып жүзеге асыра алатын болсақ, онда жылдың аяғына дейін инфляцияның 10%-ға немесе одан да төмендеуі мүмкін деп болжаймыз. Бірақ бұл көптеген факторларға байланысты болады», дейді Ұлттық банк төрағасы.

Банк басшысының айтуынша елдегі инфляциялық жағдайға бірнеше проинфляциялық факторлар әсер етуі мүмкін. Бірінші кезекте инфляцияға коммуналдық реформаның әсері болады. Екіншіден сыртқы факторларға байланысты.

«Көрші елдердегі геосаяси жағдай әсер етпей қоймайды. Рубль әлсіреді. Оның салқыны бізге тиеді. Үшіншіден фискалдық ынталандыру жалғасуда. Бұл да инфляциялық жағдайдың қандай болатынында шешуші рөл атқарады», деді Сүлейменов.

Ол Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені тенгенің нығаю тұсында төмендетпей, керісінше, теңге әлсіреп жатқанда төмендетуінің себебін түсіндірді.

«Базалық мөлшерлеме ағымдағы экономикалық және қаржылық жағдайларды көрсетеді. базалық мөлгшерлеме тек курсқа қатысты емес. Базалық мөлшерлеме ақша-несие саясатының негізгі құралы болып табылады. Яғни, ол инфляциямен күресудің негізгі құралы. Әрине, теңге бағамының да маңызы зор. Бірақ соған қарамастан, елімізде баға деңгейі теңге бағамына ғана байланысты емес. Иә, бізде импорт өте көп. Біз дайын өнімнің шамамен 24 пайызын импорттаймыз. Бірақ соған қарамастан, біздегі бағаның негізгі бөлігі теңгемен қалыптасады. Сондықтан оған курстық факторлар емес, ішкі факторлар әсер етеді. Жеткізілімнің тізбегінің өзгеруі, ақшаны басып шығару, басқа жүктемелердің ұлғаюы әсер етеді. Осыған сәйкес теңге бағамын базалық мөлшерлеге байланыстыру дұрыс емес. Базалық мөлшерлеме инфляцияны тежеуге бағытталған. Өткен жылдың ақпан-наурыз айларында шекараның жабылуына байланысты инфляция күрт көтеріле бастағанда сауда-логистикалық тізбектер экономикаға әсер етіп, инфляция күрт көтеріле бастағаны себепті банк базалық мөлшерлемені жеткілікті түрде күшейтті. Өткен жылдың соңында инфляция 21,2 пайыз болса, биыл 11,8 пайызды құрады. Осын ескерсек, шамадан тыс қатаң ақша-несие саясатын жалғастыру орынсыз болар еді. Сондықтан да біз 05 пайыздық тармаққа түсіру туралы шешім қабылдадық. Бқл мөлшерлеме, біздің ойымызша нарықта тепе-теңдікті қамтамасыз етуге жеткілікті», дейді банк басшысы.

Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені 16%-ға төмендетуге әсер еткен негізгі фаторларды атады. Басты фактор – жылдық инфляцияның баяулауы болған.

«Инфляция 11,8% болды. Бұл өте жақсы көрсеткіш, менің ойымша. Әрине әлі де, жоғары базалық әсер бар, өйткені былтыр инфляция өте жоғары болды. Қазір ол бірте-бірте баяулап келледі. Ал не себепті 0,5-ке түсіргенімізді айтар болсам, біз 0,25-ке де түсіруге болар еді. Бірақ өздеріңіз білесіздер, инфляциядан басқа да өлшемдер бар. Яғни жылдық инфляция бар, ай сайынғы инфляция мен инфляциялық күтулер бар. Шешім шығарарда осының бәрі ескерілуі тиіс. Міне, осының бәрін таразылай келе, біз 0,5-проценттік пунктке түсіруді жөн деп таптық», дейді Сүлейменов.

Еске сала кетсек, Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ оқыңыз