Тимур Турлов Hindenburg есебі туралы: «Реттеушілердің барлығы дерлік бізге жазда-ақ келген»

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: Валерий Аяпов

Hindenburg Research-тің  (HR) Freedom Holding Corp (FRHC) акцияларына жасаған шабуылынан бері 2 айға жуық уақыт өтті. Айта кетейік, 15 тамызында HR компаниясы FRHC туралы баяндама жариялап, онда алыпсатарлар холдингті санкциядан жалтарып, кірісін бұрмалады, клиент қаржысын тәуекелі жоғары транзакция жүргізуге пайдаланды және нарықта манипуляция жасады деп айыптаған болатын. FRHC СЕО және мажоритарлық акционері Тимур Турлов Hindenburg таққан айыптарға сол күннің ертесінде-ақ жауап берді.

Алыпсатарлар компания акциялары құлдырайды деп күткен еді, алайда өздері ондаған миллион доллар жоғалтты. Себебі қор нарығы бұл есепке ұстамды реакция танытты: 15 тамыздағы сауда күнінде FRHC акциялары бар болғаны 3,22% арзандап, $73,27 құрады. Ал бірнеше күннен кейін компания акциялары қайта қымбаттады. Шабуыл жасалған апта соңында тіпті 80 доллардан саудаланған. Нарықта трейдерлер «шорт-сквиз» деп атайтын жағдай қалыптасты: сатушылар белсенділігінің арқасында FRHC акцияларының бағасы төмендеген жоқ, керісінше көтеріле бастады.

HR баяндамасынан бір аптадан кейін S&P халықаралық рейтинг агенттігі FRHC рейтингін растады.

4 қазандағы сауда күнінің соңында FRHC жай акциялары 84,33 долларға саудаланды. Яғни акциялардың бағасы 15 тамыздағы көрсеткіштен 15% жоғарыласа, ал жыл басынан бері 40%-ға өсті.

Осы орайда Тимур Турлов FRHC акцияларына деген осындай ауқымды қызығушылықтың салдары жайлы баяндап берді.

– Тимур Русланұлы, спекулянттар тарапынан жарияланған осындай мақалалардан кейін компаниялардың бағалы қағаздары құлдырап, оған қоса түрлі тексеру басталады Бұл – реттеуші органдардың міндеті. Freedom Holding Corp. осы кезеңнен қалай өтті, 2 айдың ішінде холдингтің операциялық көрсеткіштері нашарлады ма?

– Бұл жайт жұмыс көрсеткіштеріне әсер еткен жоқ. Мұны инвестициялық бизнестің ағымдағы нормативтік есептерінен де, банк есептерінен де көруге болады. Жеке тұлғалардан түсетін депозиттердің де көлемі азайған жоқ. Бұндай сын-қатерлермен жұмыс істеуді біраздан бері жолға қойғандықтан, негізгі клиенттеріміз бен контрагенттеріміздің сенімін сақтап қалдық.

Дүниежүзінде біздің брендке деген қызығушылықтың артуы – бұл ең жақсы жарнама және жан-жақтан бізге назар аударатындар ұлғайды. Әрине, мен асыра айтқандық болар, дегенмен жазда бізге әлемдегі барлық реттеуші келгендей көрінді. Өйткені жария айыптаулар қалайда тексерілуі тиіс. Тағылған айып қаншалықты негізсіз болса да, оларды тексеру – реттеушілердің міндеті, оған таң қалудың қажеті жоқ.

– Реттеуші органдар сіздерге қандай мәселемен келді?

– Әзірге реттеуші органдардың ресми жарияланымы болмағандықтан, біз нақты юрисдикциялардағы тексеру фактілерін растамаймыз және олардың барысы туралы түсініктеме бермейміз. Дегенмен, біздің ұстанымымыз мықты және келген сұраныстар қысқа болды: бұл осыған ұқсас тексерулерді бастан өткерген Morgan Lewis-тегі америкалық заңгерлеріміздің пікірі.

– Сіз «мықты ұстаным» туралы айтып өттіңіз, оның мәні неде?

– Компанияның халықаралық бағалы қағаздар нарығындағы қызметіне қатысты реттеушілер тарабынан туындаған сұрақтарды біздің кәсіби заңгерлер тобы жедел шешіп отыр. Бұл ретте осындай ақпараттың БАҚ бетінде кең таралуы амалсыз «ақталуға» мәжбүрлейтінін түсінеміз.

Бұл тұрғыда ақпараттық шабуыл сәтсіз болды: бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген жарияланым негізінде америкалық холдингке қарсы санкция жайдан жай салына салмайды. Бұл біздің артықшылығымыз. Иә, батыс әлемі осылай жұмыс істейді: олар кез келген белгіні, соның ішінде жалған және негізссіз дабылды тексеруге міндетті. Осындай ақпараттық шабуылдар бізді өз жұмысымыздан алаңдатқанымен, нәтижесінде нақты бағамызды аламыз.

Адвокаттарымыз дұрыс жолда екенімізге, ұстанымымыз берік екеніне сенімді. Әрине, біраз шығындануға тура келеді, алайда негізсіз жаламен бізді айыптау мүмкін емес.

– Мұны неге «негізсіз жала» деп отырсыз?

– HR айтып отырған нәрсе – SEC веб-сайтында жарияланған өз есебіміздің бұрмаланған түрі. Аталмыш құжатты Deloitte компаниясы құрастырған. Біз бұл есепте барынша ашықпыз. Алайда біздің өз жария сөзіміз елге зерттеу ретінде ұсынылып отыр. Бізге бегілі адамдардың фейк аккаунт ашып, батыс журналистеріне шығуы – біздің болжамымызды растайды. Қолда бар тәсілдің бәрі қолданылып жатқанға ұқсайды.

– HR таққан айыптардың арасында санкцияға іліккен адамдармен жұмыс істеді деген айып бар. Холдингтің саясаты ішкі процес пен санкцияларға қарсы комплеанс тұрғысынан қалай өзгерді?

–Біз ешқашан санкция режимін бұзатын клиенттермен жұмыс істеген емеспіз. Жүздеген мың адамнан тұратын клиенттер арасында санкцияға іліккен бірнеше адам ғана шықты. Оларға санкция біз іскери қарым-қатынас орнатқан соң, әлеқайда кейін салынған. Оған қоса бұл клиенттермен жасалған барлық транзакциялар заңды талаптарға, соның ішінде OFAC лицензияларына барынша сәйкес келеді. Айтпақшы, OFAC ережелері кейбір жағдайда белгілі бір уақыт аралығында санкциялар тізіміне енген тұлғалармен мәміле жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ осындай жағдайға тап болған кейбір брокерлерден айырмашылығымыз – бізде мұндай клиенттер бар екенін жасырмадық. Бірақ біз олармен жұмысты тоқтаттық. Еуразиядағы үлкен брокер бола тұра мұндай қиындықтарға тап болмау мүмкін емес. Түйін: біздің сәйкестік саясатымыз әу баста жақсы ойластырылған, бүкіл ықтимал сценарийлер қарастырылған, енді саясатымызға қандай да бір түзету енгізудің қажеті жоқ. Менің ойымша, қазір нарықтағы ең жақсы комплаенс-сараптаманың бірі бізде.

— Қазір компания реттеушілерде туындаған күмәнді сейілту үшін не істеп жатыр?

— FRHC осы бағыттағы алып-сатарлықты тоқтату үшін әлемдік реттеушілермен тығыз ынтымақтастық орнатты. Себебі Deloittе есебімен қатар, осы тексерулер және жергілікті тексерістердің барлығы аяқталған соң, ешкім бізді бірдеңені дұрыс істемеді деп айыптай алмайды.

FRHC директорлар кеңесінің мүшелері беделді сот-медициналық сарапшы – корпоративтік тергеулер бойынша тәуелсіз маманды жұмысқа алды. Ол Morgan Lewis-пен бірге HR есебінде көрсетілген фактілерді тексере отырып, тәуелсіз қорытынды жасайды. Бұл іс тағы бір айға созылады. Алайда оның нәтижесі барлық реттеушілердің көңілінен шығуы тиіс.

— Бұл есеп көпшілікке жариялана ма?

— Иә, ресми жарияланады. Тексеру нәтижесін неғұрлым көбірек таратсақ, соғұрлым бізге де қойылатын сұрақтар да азаяды.

— Бұл шабуылдан қандай қорытынды шығардыңыз?

— Қай юрисдикцияда тіркелсе де, мұндай айыптауларға жауап беру – реттеуші органдардың міндеті екенін баса айтқым келеді. Бірақ жүйедегі маңызды компания үшін тексеру – әдеттегі, үздіксіз процесс. Ал олардың аяқталуы – бәріне жайлы жағдай жасау мен корпоративті ақпарат төңірегінде алыпсатарлықты тоқтатудың жалғыз жолы.

Осы жайттан өзім үшін жасаған негізгі қорытынды: дұрыс коммуникациялық стратегия, ашықтық, кәсібилік, үздік сыртқы аудиторлар, комплаенс және заңгерлер – заманауи жаһандық компания үшін оңтайлы қорғаныс.

Бізде реттеушілермен жұмыс істейтін мықты комплеанс тобы бар. Заң бөлімі, комплеанс департаменті, қаржы бөлімі, сондай-ақ бақылаушылар және директорлар кеңесінде жұмыс істейтін кәсіби мамандар командасын мақтан тұтамыз. Өз беделін бағалайтын нағыз нарық көшбасшыларының бізді тексеріп, кеңес беріп, көмектесетінін мақтан етеміз. Егер біз соншалықты кәсіби және ашық болмасақ, өз беделімізге мән бермесек және өз беделіне мән беретін адамдармен жұмыс жасамасақ, біздің компаниямыз да болмас еді.

– Қазіргі кезде FRHC үшін негізгі даму проблемалары қандай? Қазіргі уақытта бас директор ретінде не нәрсеге көңіл бөлесіз?

– Бас директор ретінде менің міндетім – компанияның даму жобаларына назар аудару, сондай-ақ платформалардың одан әрі өсуін назарда ұстау. Қазақстан қазір әр салада орасан зор мүмкіндікке ие, дамуға қолайды ел деп есептейміз. Оған Қазақстанда инвестиция, банк және сақтандыру бизнесінің қалай дамып жатқаны дәлел. Freedom Finance Bank – бүгінде жүйелік маңызды банктер тізіміне енген және цифрлық ипотека мен автонесие сияқты бірегей өнімдерде көш бастап тұрған ең перспективалы цифрлық банктердің бірі. Қазірдің өзінде шетел капиталын экономикамызға әкелген қаржы ұйымдарының біріміз. Бұл – елдегі шағын бизнесті тиімді мөлшерлемемен қаржыландыратын жүздеген миллиард теңге.

Сондай-ақ оқыңыз