Таяу Шығыстағы қақтығыс Brent мұнайын қымбаттатып жіберді

Жарияланды
«Жаңалықтар» бөлімінің арнайы тілшісі
Фото: shutterstock және freepik

Таяу Шығыстағы қақтығыс мұнайға да әсер етті: Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 89 долларды құраса, ал WTI барреліне 86 доллардан асты. Bloomberg басылымының жазуынша, палестиналық ХАМАС содырлар тобының Израильге тосын шабуылы мұнай тасымалын тежейді деген қорқыныш тудырып отыр.

АҚШ бұл аймаққа әскери кемелерін жіберетінін мәлімдеген соң, трейдерлер үлкен қақтығыс болады деп күтеді. Wall Street Journal газетінің хабарлауынша, Иран күш құрылымының шенеуніктері ХАМАС-тың Израильге шабуылын жоспарлауға көмектескен.

Иран – әрі ірі мұнай өндіруші, әрі Хамастың қолдаушысы. Тегеранға қарсы кез келген іс-қимыл кемелердің мұнай тасымалындағы маңызды арна – Ормуз бұғазы арқылы өтуіне қауіп төндіруі мүмкін. Иран бұған дейін де бұғазды жауып тастаймыз деп қорқытқан.

Мұнай бағасының өсуі онсыз да жоғары жаһандық инфляциялық қысымды күшейтуі ықтимал. Себебі инвесторлар Федералды резерв жүйесі биыл пайыздық мөлшерлемені тағы да көтеруі мүмкін екенін есте ұстап отыр.

Испандық iCapital фирмасының стратегия жетекшісі Гильермо Сантос мұнай бағасының қымбаттауы Батыс елдері үшін теріс инфляциялық салдар мен оның қарқынының үдеуіне әкеп соғады деп болжайды.

7 қазанда Хамас күштері Израильге шабуыл жасап, елдің оңтүстігіне басып кірген. Израиль Газаға әуе шабуылымен жауап берді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, сенбі күні таңертеңнен бері 700-ден астам израильдік қаза тауып, 2150-і жараланған. Газа секторынан 3284 зымыран атылып (Хамастың мәліметі бойынша 5 мыңнан астам), Израиль 653 нысанаға соққы берген.

Сондай-ақ оқыңыз