Chess Class олимпиадасында шахматтан үздік мектеп командалары анықталды

Жарияланды
Шығарушы редактор
шахматы
Фото: ҚШФ

Астанада мектеп командалары арасында жүлде қоры 3 млн теңге болатын Chess Class олимпиадасы аяқталды. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясы хабарлайды.

Турнирге 38 командадан 150-ден астам оқушы қатысқан. Жарысқа балалар Астана, Алматы, Ақтау, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Абай, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарынан келген.

Әр команда бір мектеп оқушыларынан жасақталып, олар «Нұр ӘЛЕМ» болашақ энергиясы мұражайына жиналып, үздік шахмат мектебі атағын сарапқа салды.

Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасовтың айтуынша, бұл жарыс қазақстандық шахмат мектебі үздіктердің бірі екенін дәлелдеген.

«Егер осы іс-шара туралы айтар болсақ, бұл жарыс біздің балалардың дайындығы ең жоғары деңгейде екенін байқатты. Қазақстан шахматының балалар мен жасөспірімдер мектебі әлемдегі жетекші мектептердің бірі екенін білеміз. Бүгінгі жарыс соны тағы да дәлелдеді», – деді Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов.

Соңғы раундқа дейін кімнің жеңімпаз атанары белгісіз болды. Соңғы раундтар жеңіс үшін тартысты өткен. Нәтижесінде үздік бес команда анықталды:
1 орын – Махматма Ганди атындағы №92 лицей;
2 орын – Алматы қаласындағы РФММ;
3 орын – Алматы қаласындағы РФММ;
4 орын – Астана қаласындағы НМЗ:
5 орын – 22 мектеп-гимназиясы.

Жарыс ұйымдастырушылары: Қазақстан шахмат федерациясы, «QazExpoCongress» ҰК» АҚ Chess Legends LTD компаниясы және «Болашақ» қауымдастығы. Олимпиаданың бас серіктесі – Freedom Broker.

Кейінгі он жылда қазақ шахматы қарқынды дамып келеді. Тек соңғы 6 айда балалар, жасөспірімдер және жастар арасындағы әлем чемпионаттарында спортшылар 100-ге жуық медаль жеңіп алған.

Айта кетейік, 2023 жылдың 3-8 тамызында Ақтау қаласында 53 елден 400-ден астам қатысушыны қабылдаған Мектептер арасындағы командалық әлем чемпионаты өтті.  Чемпионаттың ерекшелігі – оған шахматты жақсы көретін қарапайым әуесқой мектеп оқушылары қатысты.

Қазіргі кезде «Шахмат керуені» Қазақстанның өңірлерін аралап жүр. Қазақстан шахмат федерациясы (ҚШФ) бастаған 14 мың шақырымдық сапардың негізгі мақсаты – қоғамның, кәсіпкерлердің, жергілікті биліктің назарын аудару.

Қазақстанда 7 мыңға жуық шахмат секциясы болса, оған 253 мыңнан астам адам қатысады.

2023 жылғы шілдеде Үкімет Қазақстан Республикасында шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Оны жүзеге асыру аясында 5 жыл ішінде бастауыш сыныптағы балаларды «Шахмат негіздері» таңдау пәнімен қамту жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз