Жаңалықтар

Құлыбаев та, Өтемұратов та емес: Forbes тізімінде көш бастап тұрған ең ықпалды бизнесмен кім?

Коллаж: kursiv.media

Forbes басылымының рейтингі бойынша, Kaspi.kz финтех холдингінің тең иесі Вячеслав Ким ең ықпалды қазақстандық бизнесмен атанды. Тізімді алғаш рет Halyk Bank-тің негізгі акционері Тимур Құлыбаев та, ForteBank-тің иесі Болат Өтемұратов бастап тұрған жоқ.

Рейтингті құрастырушылар кейінгі айларда Кимнің позициясы Kaspi.kz жасаған келісімдердің арқасында нығая түскенін атап өтті. Солардың ішінде Kolesa Group холдингінің ірі акция пакетін: бұрынғы иелерінен 39,8% және Kaspi.kz ортақ иесі және басшысы Михаил Ломтадзеден 11% акциясын сатып алу да бар. Бұл келісім Kolesa.kz, Krisha.kz және Market.kz сынды танымал сервистерді Kaspi экожүйесіне біріктіруге мүмкіндік берді. Соңғысы қазір «Kaspi-хабарлама» деп аталады.

Тамыз айында Bloomberg агенттігі Вячеслав Кимнің «Жусан банкінің» 80 пайызын сатып алып, Қазақстан юрисдикциясына қайтару үшін Ғалымжан Есеновке ақша бөлгенін жазған. Басылым Кимнің Есеновпен барлық қаржылық байланысты жеке тұлға ретінде жүргізетінін және бұл қызметтің Kaspi.kz сайтына қатысы жоқ екенін атап өтті. Бір жыл бұрын Ким аталмыш тізімде екінші орында тұрған.

Болат Өтемұратов рейтингте бір саты көтеріліп, екінші орынға тұрақтады. ForteBank акцияларының бір бөлігін ұлы Алидарға бергенін есепке алмасақ, кейінгі бір жылда ол ешқандай ірі мәміле жасамаған. Қазір банктің 81,8 пайыз акциясы үлкен Өтемұратовқа тиесілі. Сонымен қатар ол қазақстандық ұялы байланыс операторы Beeline және қырғызстандық Sky Mobile компаниясындағы акцияларға, RG Gold алтын өндіруші компаниясының 65% акциясына, шет елдердің бірнеше қаласындағы Ritz Carlton қонақ үйлері және Burger King фастфуд мейрамханалар желісінің қазақстандық франшизасына иелік етеді.

Былтыр рейтинге көш бастаған Тимур Құлыбаев үшінші орында тұр. Кейінгі бір жылда оның компанияларына мемлекет тарапынан көптеген кінарат-талаптар қойылды. Қыркүйек айының басында Құлыбаевтың бақылауындағы «ТЭК-Қазақстан» сауда үйі локомотив техникасы нарығындағы үстем жағдайын теріс пайдаланғаны үшін 1,6 млрд теңге айыппұл төледі. Сондай-ақ, Бас көлік прокуратурасы 2001 жылы «Қазақстан темір жолы» АҚ қоймалары жекешелендіріліп, нәтижесінде олар Құлыбаев компанияларының меншігіне өтіп кеткенін даулап жатыр.

Жұбайы Динарамен бірге иелік ететін «Халық банктің» 69,5% және «Алтын банктің» 40% акцияларынан бөлек, Құлыбаевқа «Қамқор Менеджмент», PetroRetail (QazaqOil жанармай құю станциялары желісі), SilkwayTransit, PTC Holding, Petrolex Group акциялары, Астана мен Қазақстанның өзге қалаларындағы коммерциялық жылжымайтын мүлік тиесілі.

Төртінші орынды KAZ Minerals, Kazakhmys Corporation және Bank RBK иегері – Владимир Ким, бесінші орынды Freedom Holding Corp.(Қазақстанда Freedom Broker, Freedom Bank, Freedom Insurance және Freedom Life брендтерімен жұмыс істейді) негізін қалаушы және негізгі акционері Тимур Турлов иеленді. Былтыр ол Ресей азаматтығынан бас тартып, Қазақстан азаматтығын алды.

2022 жылы Freedom Holding Corp. бірден бірнеше ірі келісім жасап, қазақстандық Arbuz.kz азық-түлік жеткізу сервисін, америкалық Maxim Group инвестициялық банкін, сондай-ақ Aviata және Choco Travel сервистерін сатып алды. Турлов сонымен қатар STOgram қызметіне 1,5 миллион доллар инвестициялады. Сонымен қатар, 2023 жылдың басында Freedom Holding ресейлік активтерін сатып жіберді.

Сондай-ақ алғашқы ондыққа Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының тең иесі және басшысы Александр Машкевич, Astana Group құрылтайшысы және басшысы Нұрлан Смағұлов, BI Group құрылыс холдингінің тең иесі және басшысы Айдын Рахымбаев, Базис-А компаниясының басшысы Александр Белович және Kazakhmys Copper миноритарлық акционері Эдуард Огай енді.