Жаңалықтар

«Эйр Астана» Израильде жүрген қазақстандықтарды арнайы рейспен елге алып келеді

эвакуация
Коллаж: kursiv.media

Эйр Астана» әуе компаниясы 2023 жылдың 10 қазанында Қазақстан азаматтарын Израильден алып қайтатын Алматы-Тель – Авив-Алматы бағыты бойынша КС–6490/6500 рейсін орындауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті хабарлады.

Рейстің Алматы қаласынан ұшуы сағат 08:00-ге, Тель-Авив қаласынан ұшу жергілікті уақыт бойынша сағат 12:50-ге жоспарланған. Бұл туралы Эйр Астана компаниясы мынадай хабарлама таратты:

«Тасымалдауға кез келген күнге авиабилеттері бар жолаушылар қабылданады. Бір жолаушыға 8 кг-ға дейін бір қол жүгі және 20 кг-ға дейін бір тексерілген жолжүк рұқсат етіледі. Авиабилеттері жоқ қазақстандықтар ҚР Елшілігі арқылы арнайы тариф бойынша сатып ала алады. Жолаушылар тізімін Қазақстанның Израильдегі елшілігі де телефон арқылы жасайды: +972 (3) 741 78 05, +972 55 273 3813, +7 700 111 31 96», делінген хабарламада.

Сонымен қатар, әуе комапания таратқан хабарламада жолаушылар Тель-Авив әуежайына ұшудан бес сағат бұрын келуі керек екені ескертілген. Жолаушылардан әуежайға барған кезде жоғары қауіпсіздік шараларын сақтау сұралды.

«Қазіргі уақытта «Эйр Астана» әуе компаниясының ақпараты бойынша, Тель-Авив қаласының әуежайы тарабымен рейстің келу және ұшу уақыты келісіліп жатыр. Барлық сұрақтар бойынша әуе компанияның help.airastana.com қолдау орталығына хабарласу қажет, тел.: +7 (727) 244 44 78 (қоңыраулар үшін) және +7 702 702 0074 (WhatsApp)», – делінген хабарламада.

Бұған дейін СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Израиль елінен 118 қазақстандық елге жеткізілетінін хабарлаған. Оған қоса 400-ге жуық Қазақстан азаматы консулыққа тіркелмей жүруі мүмкін.

Оның дерегінше, 7 қазан күні Израильдегі әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігінде жедел штаб құрылып, шетелдегі төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмін дереу орындауға кіріскен.

Сонымен қатар, Айбек Смадияров Қазақстанның Иорданиядағы елшігінің хабарлауынша Газа секторында біздің еліміздің паспорты бар 25 азамат бар екенін айтты. Олар негізінен Палестина азаматтарына тұрмысқа шыққандар.

Айта кетейік, 7 қазанда Хамас күштері Израильге шабуыл жасап, елдің оңтүстігіне басып кірген. Израиль Газаға әуе шабуылымен жауап берді.

Осы ретте Қазақстан Израильдегі жағдайға қатысты алаңдаушылық білдірді.

«Қазақстан көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына әкеп соққан Палестина-Израиль қақтығысының өршуіне терең алаңдаушылық білдіреді. Тараптарды ахуалды бейбіт жолмен шешу үшін саяси құралдар іздестіруге және тек екі мемлекет арасындағы ғана емес, жалпы Таяу Шығыстағы жағдайдың одан әрі ушығуына әкелуі ықтимал іс-әрекеттерге бармауға шақырамыз», – деген еді СІМ өкілі Айбек Смадияров,

Reuters агенттігінің хабарлауынша, сенбі күні таңертеңнен бері 700-ден астам Израиль азаматы қаза тауып, 2150-і жараланған. Газа секторынан 3284 зымыран атылып (Хамастың мәліметі бойынша 5 мыңнан астам), Израиль 653 нысаyға соққы берген.