«ҚТЖ-Жүк тасымалы» 10 млн теңгеге заңсыз сыйақы төлеген – Бас көлік прокуратурасы

Жарияланды
Мемлекетке келген шығын 10 млн теңге/shutterstock және freepik

Көлік прокурорлары «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-нің филиалдарында қаржыландыруға жатпайтын 742 адамға 10 млн теңгеден астам сомаға сыйақылар мен төлемдерді заңсыз есептеу фактілерін анықтаған. Бұл туралы Бас прокуратураның ресми өкілі Дархан Дүйсембай мәлімдеді.

Заңсыз төлем кімге аударылған: кәсіпорынның Ақмола филиалы өмірден жеті жыл бұрын өткен зейнеткердің атына ақшалай қаражат аударып отырған.
Бұдан бөлек, Қарағандыда кадр бөлімінің басшысы ата-анасын теміржолшы зейнеткері ретінде заңсыз тізімге қосып, оларға бес жыл бойы 1 млн теңгеден астам сомаға жеңілдіктер, өтемақы төлемдері мен сыйлықақыларды беріп отырған.

«Қазіргі кезде заңсыз төлемдерді қайтару бойынша шаралар қабылдануда. Сонымен қатар, аудиторлық тексерулер тағайындалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», делінген хабарламада.

Дегенмен, хабарламада 742 адамның барлығына қатысты егжей-тегжейлі мәлімет берілмепті.
Қазақстанның жүк теміржол тасымалдаушысы — «ҚТЖ — Жүк тасымалы» АҚ 2016 жылдың маусым айында құрылған. Ресми сайтындағы деректерге сәйкес, оның құрылымында Қазақстан теміржолдарының жүйесі бойынша клиенттерге қызмет көрсететін және жүктер тасымалына қатысты қызметтердің толық кешенін ұсынатын жол бөлімшелері мен локомотив деполарынан құралған филиалдық жүйе бар.

Ол «Самұрық-Қазына» компаниялар тобына кіретін, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының еншілесі кәсіпорыны.

Сондай-ақ оқыңыз