Жаңалықтар

Израиль Газа секторымен шекарада орналасқан елді мекендерді өз бақылауына алды

Израиль
Фото: Flash90

Израиль армиясы Газа секторымен шекарада орналасқан барлық елді мекендерді өз бақылауына алды. Бұл жайлы Израиль мемлекетінің қарулы күштерінің өкілі, бригада генералы Даниел Хагари айтты.

«Бұл елді мекендер біздің бақылауымызда. Біз қазіргі таңда тергеу жүргізіп жатырмыз. Мұнда әлі де лаңкестер болуы мүмкін. Оларды жою бойынша жұмыстарды жалғастырамыз. Біздің тарапымыздан қазіргі таңда күшті шабуылдар жасалып жатыр, мыңдаған нысанаға шабуыл жасалды, жүздеген террорист өлтірілді. 48 сағат ішінде 300 мыңға жуық резервтегі жауынгерлерді жинадық. Техника мен азық-түлік тапшылығы жоқ. Сабырлық сақтаған жөн», деді ол.

Израиль қорғаныс күштері Газа шекарасындағы 24 елді мекеннің 15-інің эвакуацияланғанын және қазір көшіру жұмыстарының жалғасып жатқанын хабарлады.

Еске сала кетсек, бұл елді мекендерге сенбі күні ХАМАС ұйымы басып кірген болатын.  Газа секторындағы «палестиналық террористер сенбі күні таңертең Израильдің оңтүстік және орталық аудандарын зымыранмен атқылаған». Сонымен қатар, ондаған палестиналық содырлар әскери жүк көліктері мен парапландар арқылы Газа секторынан Израиль аумағына өтіп, изарильдық азаматтарды тұтқынға алған. Хамас ұйымы 35 азаматты ұстап отырғанын мәлім етті. Кейбір деректерде тұтқындағы израильдіктер саны елуге жеткені айтылады.

«Хамас» әскери ұйымының басшысы Мұхаммад Деф, қозғалыс Израильға қарсы 5 мың зымыран жібергенін мәлім етті. Ол барлық палестиналықтарды қолға қару алуға шақырды.

«Хамас» серкесі Исмаил Хания болса, ресми мәлімдеме жасап, Иерусалимдегі «Әл-Ақса» мешітін, қасиетті орындар мен палестиналық тұтқындарды қорғауға шақырды.

Air Astana Израильдегі жағдайға бола әуе қатынасын тоқтатты.

Израильдегі жағдайға қатысты ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров пікір білдірді.

«Қазақстан көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына әкеп соққан Палестина-Израиль қақтығысының өршуіне терең алаңдаушылық білдіреді. Тараптарды ахуалды бейбіт жолмен шешу үшін саяси құралдар іздестіруге және тек екі мемлекет арасындағы ғана емес, жалпы Таяу Шығыстағы жағдайдың одан әрі ушығуына әкелуі ықтимал іс-әрекеттерге бармауға шақырамыз», деді СІМ өкілі.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Израильде консулдық есепке тұрмаған 400-ден астам қазақстандық болуы мүмкін екенін айтты. СІМ өкілінің айтуынша, Израильде қаза болған, зардап шеккен, кепілге алынған қазақстандықтар туралы ақпарат келіп түскен жоқ. Қазақстан елшілігі Air Astana әуекомпаниясымен бірлесіп, Қазақстанға оралуға ниет білдірген азаматтардың тізімін қалыптастыру, сондай-ақ оларды қауіпсіз жерге шығару бойынша пысықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.