Жаңалықтар

Байлық салығы қазақстандықтардың баюына бөгет бола ма: министр нені меңзеді?

фото: kursiv.media

Қазақстанда байлық салығын енгізу мәселесі, «дәулетке салық салу» бойынша жұмыс атқарылып жатыр. ҚР премьер-министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қазіргі уақытта бұл бағыттың жан-жақты қарастырылып жатқанын айтты. Жаңа салық түрін енгізу мәселесі арнайы институт базасында талқыға түсуде.

Министр байлық салығының ешкімнің бай болудағы жолын бөгемейтінін айтты. Салық кодексінің шеңберінде әділетті шешім шығарылатынын мәлімдеді.

Қазір жұмыс процесі жүріп жатыр. Талқыланады. 30-40 адам жұмыс тобында отырады. Бұл түпкілікті шешім емес. Халықтың әртүрлі санаты ұсынылғандықтан әліптің артын бағу қажет. Олар әртүрлі құрылымдарда жұмыс істейді. Әрине, біз түрлі пікірлерге құлақ асамыз. Ешкім иелігінде 5-6 пәтері бар адамға салық салмайды. Олар барлығын заң жүзінде төлейді. Сән-салтанат дегенің басқа. Бұған дейін яхталары, ұшақтары, антиквариаттары бар адамдар туралы айтылған. Мұндайда ақылға қонымды шешім шығару қажет. Салық кодексінде әділеттілік принципінің ескерілгені маңызды. Онда байлық салығы ғана емес, салықтың басқа санаттары бар: дивидендтер салығы, белгілі бір сыйақыға салынатын салық сынды. Біз бәрін ескеретін боламыз, – деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде бірнеше жыл бойы төлем қабілеті төмен халыққа салық салуды азайту мақсатында енгізілетін сараланған салық деп аталатын «сән-салтанат салығын» енгізу ұсынылады. Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов:

«Түсіндіріп өтейін, бізде кезең-кезеңмен жалпыға бірдей декларациялау енгізілді, яғни салық салу біртіндеп заңды тұлғаларға салық салудан жеке тұлғалардың табыстарына ауысатын болады, яғни түпкі бенефициарлар – нәтижесінде табыс алатын, мүліктік игіліктер мен артықшылықтарға ие болатын компаниялардың иелеріне. Тиісінше, жалпыға бірдей декларациялау енгізілгеннен кейін декларациялау күнінен кейін алынатын барлық мүлік пен кірістерге салық салынатын болады. Яғни, салық мөлшерлемесі. Бұл біреуге сән-салтанат болса, біреуге ақылға қонымды көлем. Оны осыдан кейін түсінетін боламыз. Декларацияда көрсетілмейінше, сәнді тауарлар тізімі жасалған жоқ. Бұл мәселеге мүлік туралы барлық ақпаратты алып, мұқият қарауымыз керек. Жалпыға бірдей декларациялауды 2025 жылға қарай аяқтау жоспарланып отыр. Содан кейін салық базасын талдауға және салық салу тәсілдеріне кірісеміз» деп жауап берген еді.

Дүниежүзілік банк те Қазақстан үкіметі байлық немесе мұра салығын енгізу мүмкіндігін қарастыруы керек екенін айтты.

Бұрын да ҰЭМ басшысы Әлібек Қуантыров 6 млн теңгелік Macallan вискиінің мысалында байлық салығы қалай алынатынын түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, Үкімет осыған дейін қазақстандықтардың меншігінде қанша яхта, ұшақ, қымбат автокөлік бар екенін хабарлаған. Байлық салығы осыларға салынатынын айтты.

Сонымен қатар, Қазақстан Қаржы министрлігі 2024 жылы еуробондтарды шығару мүмкіндігін қарастырып жатыр. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев:

«Биылғы жылы еуробондтар бойынша жоспар жоқ. Келесі жылы болуы мүмкін. Әдетте ең қалыпты кезең – жаз, күзге жақын», – деді.

Бірақ қыркүйек айында Қаржы министрлігінде 2023 жылы еурооблигацияларды шығармау туралы шешім қабылданғанын, бюджет тапшылығын ішкі нарықтағы қарыз алу есебінен жабу болжанып отырғанын айтылған болатын.