Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың баяндамасын ұнатпай қалды.
Үкімет отырысында Берік Шолпанқұлов 2023 жылғы қаңтар-қыркүйектегі еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша есеп берді. Баяндама барысында Берік Шолпанқұлов инфляцияның баяулағанын атап өтті.
«Қыркүйекте инфляция жылдық көрсеткіштерің баяулауы жалғасты. Инфляциялық процестердің жалпы позитивті динамикасын ескеріп, Ұлттық банк базалық ставканы 16 пайызға дейін 0,5 тармаққа төмендету туралы шешім қабылдады. Қыркүйектің қорытындысы бойынша Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі төмендеді.Жылдық инфляция 7 ай қатарынан төмендеп келеді. Оның бүгінгі деңгейі – 11,8%. Жылдық инфляция қатаң ақша-кредит саясаты жағдайлары мен 2022 жылғы жоғары базаның аяқталуы, жаһандық инфляциялық қысым мен өндіріс шығындарының төмендеуі аясында баяулады. Инфляция құрылымында барлық компоненттің өсу қарқыны баяулады», – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Айтуынша, айлық инфляция да 0,6%-ке дейін бәсеңдеді. Алайда айлық инфляцияның өсу қарқыны әлі де орташа мәннен айтарлықтай жоғары.
Үкімет басшысына Берік Шолпанқұловтың мәлімдемесінде айтылғанды қате деп бағалады.
«Сіз инфляцияның баяулауын өткен жылдың жоғары базасымен байланыстырып отырсыз. Бұл дұрыс емес. Инфляцияның айтарлықтай баяулауы Үкіметтің инфляцияға қарсы кешенді жұмысының арқасында мүмкін болды», – деді Әлихан Смайылов.