Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2023 жылдың қаңтар-қыркүйегінде бюджет қаржысын игере алмай отырған министрліктер мен облыстар атады.
Министрдің айтуынша, биыл 9 айда мемлекеттік бюджетке 13,8 трлн теңге және республикалық бюджетке 9,2 трлн теңгеге жуық кіріс түскен. Жергілікті бюджеттердің кірісі – 4,7 трлн теңге.
«Республикалық бюджет бойынша шығыс көлемі – 16 трлн теңге. Атқарылмау – 70 млрд теңге, оның ішінде үнемдеу – 16 млрд теңге. Игерілмегені – 54 млрд теңге. Экология және табиғи ресурстар, Туризм және спорт, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктері неғұрлым ірі соманы игермеген», – деді Жамаубаев Үкімет отырысында.
Сондай-ақ жергілікті бюджеттердің шығыстары 9 трлн теңге болған. Атқарылмағаны – 49 млрд теңге.
«Биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 қазанға 1 трлн 112 млрд теңге бөлінген. Оның 98,5%-і игерілген. Атқарылмағаны – 17 млрд теңге. Оның ішінде 1 млрд теңге – үнемдеу, 16 млрд теңге игерілмеген. Ең көп игерілмеу – Астана қаласы, Маңғыстау, Атырау және Қарағанды облыстарында», – деді Ерұлан Жамаубаев.
Айтуынша, қаржының игерілмеуіне конкурстық рәсімдерді ұзақ мерзімде өткізу; шарттарды, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу; шот-фактуралар мен атқарылған жұмыс актілерін уақытылы ұсынбау себеп болған.
12 шілдеде өткен Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жарты жыл ішінде қаржыны игермеген министрліктерді атаған еді.
Жарты жылда игерілмеген қаражат 49 млрд теңгені құрады. Ол кезде төтенше жағдайлар, экология және табиғи ресурстар, мәдениет және спорт, сыртқы iстер министрліктері ірі соманы игере алмаған.
Ол кезде де министр осыған ұқсас себептерді айтқан: конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу; шот-фактуралар, атқарылған жұмыс актілерінің уақытылы өткізілмеу; есепті айда қаражатты жұмсау қажеттілігінің болмауы деп көрсетті.
Жергілікті бюджет қаражатын игере алмаған облыстар қатарында Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола және Атырау өңірі болды. Игерілмеген сома – 8 млрд теңге.