Қазақстанның ЖІӨ өсімі 4,7 пайызға дейін баяулады

Жарияланды
Шығарушы редактор

Коллаж: kursiv.media

Қазақстан жалпы ішкі өнімінің өсімі қаңтар-қыркүйекте 4,7%-ға дейін баяулаған. Қаңтар-тамыз айында ол 4,9 пайызды құраған еді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуаңтыров мәлімдеді.

«Биыл қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,7 пайызды құрады, оның ішінде нақты сектордағы өсім 3,7 пайызды, қызмет көрсету саласында – 5,1 пайызды құрады», – деді ол үкімет отырысында.

Құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс салаларында ең жоғары өсім байқалды. Негізгі капиталға салынған инвестиция қаңтар-қыркүйекте 12,1%-ға, оның ішінде көлік пен қоймаға – 59%-ға, саудаға – 37,5%-ға, білім беруге – 24%-ға, ауыл шаруашылығына – 13%-ға, өнеркәсіпке – 8,7%-ға өсті.

Қаңтар-тамызда сыртқы сауда айналымы 91 млрд долларды құраған, Экспорт $51,2 млрд құрады, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты – $16,2 млрд тең. Тауар импорты $39,8 млрд, ал оң сауда сальдосы $11,4 млрд болды.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет қолға алған шаралардың арқасында қаңтар-қыркүйек айларында инфляция 11,8%-ға дейін төмендегенін атап өтті.

«Жыл аяқталуына дейін 2,5 ай қалды. Экономиканың бүкіл салаларында өсу қарқынын арттыру үшін жұмысты күшейтіп, нақты шаралар қабылдау қажет. Барлық жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктер азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру және отандық азық-түлік өндірісін ынталандыру бойынша белсенді жұмысты жалғастыруы қажет», – деді ол.

Бұған дейін Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Қаңтар-тамыз айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,9% өскенін айтқан еді.

Жылдың алғашқы сегіз айында нақты сектордағы өсім – 4,4%, қызмет көрсету саласында 4,8% құрады. Вице-инистр экономиканың негізгі секторларында өсімнің оң серпінін көрсетіп отырғанын атап өтті. Ең жақсы көрсеткіш құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс салаларында байқалды.

Тамыз айының соңында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанның 2024–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды. Онда ЖІӨ орташа жылдық өсімін 5,8% құрайды делінген. 2024 жылы экономика 5,3%-ға, ал 2028 жылға қарай қарқын 6%-ға дейін өседі деген болжам бар. Өнеркәсіп саласындағы орташа жылдық өсу қарқыны 4 пайызды құрайды.

Үкіметтің мамыр айындағы әлеуметтік-экономикалық даму болжамында ЖІӨ өсімі биыл 4%-, 2024 жылы – 5%, 2028 жылы – 6% деңгейінде болады деліген. Өз кезегінде Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сауалнама жүргізген қаржы нарығының қатысушылары 2024 жылы ЖІӨ 3,9%-ға өседі деген пікір білдірген.  

Ал Азия даму банкі Қазақстанның ЖІӨ өсімі бойынша болжамын 2023 жылы 4,1%-ға, 2024 жылы 4,3%-ға дейін жақсартқан.

Сондай-ақ оқыңыз