Шахтерлар зейнетке 55 жасынан шыға алады: кемі 7 жыл міндетті кәсіптік жарнасы болуға тиіс

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

Қазақстанда кеншілер зейнетке ерте шыға алады. Ол үшін екі талапқа сай боуы керек: жасы 55-тен асуы және кейінгі 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасының болуы. Бұл туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді.

Ведомство басшысының айтуынша, министрлік жыл соңына дейін заң жобасын даярлап, бұл норма 2024 жылдан өз күшіне енбек. Қазіргі кезде өмірді сақтандыру компанияларымен бірге есеп-қисап жүргізіліп жатыр.

«Төлем үш көзден жүргізіледі. Біріншісі – республикалық бюджет, екіншісі – өмірді сақтандыру компаниялары және жұмыс беруші. Қазір бір күнкөріс шегі көлеміндегі бюджеттік өтінімді бердік, жылына 15 млрд теңгеден, 3 жылға 45 млрд теңге керек», – Светлана Жақыпова.

Министр кеншілердің зейнетақы көлемі оның зейнетақы жинағына байланысты болатынын айтып өтті. Шамамен 46 мың адам зейнетке ерте шыға алады. Алайда олар жоғарыда аталған талапқа сай болуға тиіс.

Айта кетейік, 7 тамыз күні «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында апат болды. Мұнда конвейер таспасынан өрт шықты. Өрт салдарынан 5 кенші опат болды.

ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов «Қазақстан» шахтасындағы өрттің ең алдымен кәсіпорын иесінің кінәсі екенін айтты.

18 тамызда Ұлытау өңірінде «Қазақмыс» корпорациясының 100-ден астам кеншісі ереуілге шықты. Шахтерлер еңбек жағдайлары мен ерікті медициналық сақтандыруды жақсартуға, сондай-ақ сыйақы мен өтемақы мөлшерін арттыру мәселесі қамтылған 15 шақты талаппен қойды.

Содан бері кеншілердің еңбек жағдайын жақсарту, әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі күн тәртібінде тұр.

Сондай-ақ оқыңыз