Заңсыз иемденген активтерін өз еркімен қайтаратын адамдарға нақты кепілдіктер беріледі – Комиссия

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Үкіметте жақында ғана құрылған «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комиссияның» бірінші отырысы өтті. Заңға сәйкес, активтерді өз еркімен қайтаратын адамдарға нақты кепілдіктер беріледі. Өз еркімен қайтару шарттары, сондай-ақ тізілімді қалыптастыруды қоса алғанда, мәжбүрлі түрде қайтару жөніндегі іс-қимылдар және т.б. комиссия қарайды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен отырыс барысында комиссия мүшелерінің назарына заңда көзделген рәсімдер шеңберінде активтерді мемлекетке өз еркімен және мәжбүрлі түрде қайтаруға дайындық туралы ақпарат ұсынылған.

Жақын арада Комиссияның қарауына Комитетпен ынтымақтастыққа дайын тұлғалардың активтерді өз еркімен қайтаруы жөніндегі ұсыныстар, сондай-ақ тізілім арқылы әрі қарай заңда көзделген түрлі талап қою шаралары кешенін іске асыра отырып, өзге тұлғаларға қатысты мәжбүрлі түрде қайтару жөнінде ұсыныстар шығарылатын болады.

Сонымен қатар, заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке өз еркімен қайтарғысы келетін адамдардың ҚР Бас прокуратурасы Активтерді қайтару комитетінің атына тиісті өтінішхат жіберуге құқығы бар.

2023 жылдың 12 шілдесінде Президент «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды. Соның негізінде аталмыш комиссия және «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» құрылды. Комиссияның құрамына Үкімет мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері бар.

Комиссияның негізгі міндеттерінің бірі – жүйелі шараларды жүзеге асыру, заңсыз шығарылған капиталды елге қайтарудың әдістері мен тетіктерін әзірлеу. Бұл ретте барлық шешімдер еліміздің әлеуметтік, экономикалық және саяси мүдделерін ескере отырып, алқалы түрде, ашық және бейтарап қабылданады.

Заңсыз шығарылған активтерді қайтарумен Бас прокуратура айналысады. Комиссияның уәкілетті органы – ҚР Бас Прокуратурасының Активтерді қайтару комитеті. Жаңа бөлімшенің құрылуы нәтижесінде Бас прокуратураның штаттық саны 114 адамға – 5836-дан 5950-ге дейін өсті.

Мемлекетке қайтарылған активтерді «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» басқарады. Жақында Қаржы министрлігі осы активтерді басқару тәртібін бекітті. Ережеде негізгі 6 тәсіл анықталған. Олардың арасында мүлікті жалға беру де бар.

Активтерді сатудан түскен ақша, қаржы түсімдері Қазақстан Республикасының әлеуметтік, экономикалық жобаларын қаржыландыруға жұмсалмақ. Қаржының бәрі Арнайы мемлекет қолма-қол ақшаны бақылау шотына түседі. Оған түскен қаржы мен жұмсалған ақшаны қазынашылық басқармасы қадағалап отырады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Заңсыз иемденген активтерді елімізді дамыту үшін пайдаланамыз» деген болатын.

Мамыр айының ортасында бас прокурор Берік Асылов Қазақстаннан заңсыз шығарылған 760 миллиард теңгенің елге қайтарылғанын хабарлады.

Жақында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң адал инвесторларға әсер етпейді деп мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз