Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына ерекше назар аударылды



Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Жиында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі проблемалар қарастырылды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.


Отырыс барысында елдің азық-түлік тәуелсіздігін нығайтуға қатысты бірқатар мәселе талқыланды.

«Субсидиялау агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімділікті арттыруға ықпал етуге тиіс. Субсидияны бөлу кезінде өңірлік ерекшеліктерді, егіс алқаптарының көлемін және ауыл шаруашылығы дақылдарын таңдауды ескерген жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент азық-түлік өнімдерін өндірумен айналысатын шаруалар мен кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау көрсетуді талап ететін экономикалық конъюнктураны өзгертуге жедел назар аудару қажеттігіне назар аударды.

Ауыл шаруашылығы өндірісіне инфрақұрылым тұрғысынан қолдау көрсету ісі (ауылда жұмыс орнын ашу, фитосанитариялық және ветеринариялық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру) арнайы мәселе ретінде қарастырылды.

Бұл ретте құқық қорғау органдарына ауыл шаруашылығы мақсатына арналған субсидиялар мен жерлерді бөлу кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарын жалғастыру тапсырылды.

Мемлекет басшысы жиын соңында Үкімет пен уәкілетті органдарға азық-түлік тәуелсіздігін нығайту, азық-түліктің экономикалық тұрғыда қолжетімді болуын арттыру және отандық агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін анағұрлым толық іске асыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.