Жаңалықтар

«АрселорМиттал Теміртауға» қарасты «Қазақстан» кенішінде өрт өршіді: жұмысшылар эвакуацияланды

«Қазақстан» көмір кенішінде температура көтеріліп, шахтадағы барлық қызметкерлер жер бетіне эвакуацияланды. Бұл жайлы 17 тамыздан бері өртке оранып жатқан кеніштің иегері «АрселорМиталл Теміртау» мәлімдеді.

«АрселорМиталл Теміртау» баспасөз қызметі бұған қатысты сәрсенбі күні:

«Қазақстан» шахтасында 17 тамызда шыққан өрт әлі ауыздықталмаған. Өртті оқшаулау жұмыстары барысында температура жоғарлады. Шахтадағы жұмысшылар бірден жер бетіне көтерілді, – деп хабарлады.

2023 жылдың 11 қазанында «Қазақстан» шахтасында 17 тамызда басталған өртті өшіру бойынша көпір салу жұмыстары жүргізілген. Температураның жоғарылауына байланысты жоспар өзгеріп, барлық қызметкерлері жер бетіне шыққан. Компания зардап шеккендердің жоқ екенін дәйектеді.

Еске сала кетейік, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында 17 тамыз күні апат болды. Конвейер таспасынан өрт шығып, алғашында жүздеген адам қауіпті аймақта қалды.  

Бұған қатысты компания:

«17 тамызда сағат 10:05-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ КД «Қазақстан» шахтасында Д6 (горизонт – 170 м) көмір еңісінің қазбасында конвейер таспасының өртенуі орын алды, апатты жою жоспары енгізілді. Шахтаны желдету жүргізіледі (ауа беру кері позицияға ауыстырылды). Орынға «КӘАҚҚ» РО 3 бөлімшесі (15 қызметкер және 5 техника бірлігі) және ТЖД (8 қызметкер және 2 техника бірлігі) келді. Шахтада барлығы 227 адам болды, шахтаның қаптал арқылы адамдарды жер бетіне шығаруда. Қазіргі сәтте 65 адам жер бетіне шығарылды. Бұл жерге қосымша «КӘАҚҚ» РШМ (15 қызметкер және 3 техника бірлігі) және ТЖД (8 қызметкер және 2 техника бірлігі) күштері келеді, – деп жедел мәлімдеме жасады.

Шахтада 227 адам болған. Олар қапталдағы қосымша сүрлеу арқылы жер бетіне шығарылды. 222 кенші эвакуацияланды, 13-і зардап шекті. Өкінішке қарай, бес адам қайтыс болды, олардың ең кішісі 27 жаста, ең үлкені 58 жаста болатын. ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов «Қазақстан» шахтасындағы өрттің ең алдымен кәсіпорын иесінің кінәсі екенін айтты.

Осыдан кейін қазақстандық билік пен қоғам қайраткерлері АМТ-ның Қазақстаннан кетуі жайлы сөз қозғай бастады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай апаттар АМТ-ның Қазақстан нарығында қызмет етуіне қатысты шешім шығаруға ықпал етеді деп мәлімдеді. Ал Премьер-министр Әлихан Смайылов АМТ шахталарындағы қайғылы оқиғаға кәсіпорын иелері кінәлі екенін айтты. Оның айтуынша, бұған дейінгі апаттардан кейін басшылық барлық қажетті шараны қабылдап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, инвестиция салуға уәде берген. Алайда келісімді толық көлемде орындамаған.

«Қазақстан» шахтасындағы өрт себебін тексерген комиссия жұмыс берушінің 100 пайыз кінәлі екенін анықтады. Бұл жайлы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов айтты.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болған оқиғадан кейін «шетелдік компанияға тиесілі кәсіпорындарда тоқтаусыз жалғасып жатқан апаттар қазақстандық нарық талаптарымен санаспағаннан әрі өзінің инвестициялық және өзге де міндеттемелерін қатты түрде бұзғанын көрсетеді» деп атап өтті.

Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов та үндістандық кәсіпкер, ArcelorMittal басқарма төрағасы Лакшми Митталдың қызметіне сын айтты. Оның Қазақстандағы қызметінің мәні қалмағанын мәлімдеді. Сөзінің маңызын кәсіпорындағы жылдан жылға өндірісті қолдауға байланысты бөлінетін инвестицияның азайып келуімен, ал жұмысшылар қаза болған апаттардың тоқтамай отырғандығымен сабақтады.

11 қазан, сәрсенбі күні ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырыс өтті. Жиында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова «Арселоор Миттал»-да экологиялық аудит жүргізіліп жатқанын еске салды. 

Апатты жағдайдан көз ашпаған «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ArcelorMittal халықаралық Болат концернінің құрамына кіреді. Қазақстанда 15 көмір шахтасы мен темір кені бар. Кезекті апаттан кейін Қазақстан Үкіметі 2022 жылдың соңында «АрселорМиттал Теміртауды» көмір өндірісін жаңғыртуға және көмір қабаттарын газсыздандыруға жыл сайын жалпы көлемі 187 млрд теңге қосымша инвестициялар бөлуге міндеттеді.