«Бәйтерек» холдингі Қазақстандағы дәулетті адамдардың біріне қатысы бар компанияның 49%-ына иелік ететін болды

Жарияланды

Бәйтерек» холдингі «ТайыншаЖер Плюс» ЖШС 49%-ын сатып алды / коллаж kursiv.media

«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі «ТайыншаЖер Плюс» ЖШС 49%-ына иелік ететін болды. Бұл туралы холдинг Қазақстан қор биржасына хабарлады.

Алайда, бұл мәміленің бұдан өзге ақпараттары ашық хабарланбаған, яғни «Бәйтерек» бұл компаниядағы үлесті кімнен қанша қаржыға сатып алғаны туралы ақпарат жоқ.

Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы, Чермошнян ауылдық округіне тіркелген «ТайыншаЖер Плюс» ЖШС негізгі қызметі туралы ашық деректерде: «тұқым өсіруді қосқанда, дәнді және бұршақ дақылдарды өсіру» деп көрсетілген.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан алынған дерекке сәйкес, «ТайыншаЖер Плюс» ЖШС құрылтайшысы «Тамыз-Инвест» ЖШС. Ал, «Тамыз – Инвест» ЖШС құрылтайшысы «Samal Agro Invest» ЖШС, бастамашы азамат ретінде Ерлан Чапайұлы Қажынов көрсетілген.

Ал, «Samal Agro Invest» ЖШС құрылтайшысы «Samal Invest Group» ЖШС және бастамашы азамат ретінде Баймұратов Ерлан Уразгельдиевич көрсетілген.

Ал, жоғарыда аталған «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы үлесін алған «Тайынша Жер Плюс» ЖШС соңғы бенефициары ретінде «Samal Invest Group» ЖШС құрылтайшыларын атауға болады. «Азаматтарға арналған үкімет» деректеріне сәйкес, олар: Сарсембаев Айдархан Қайратбекұлы, Садықов Тимур Мейрханұлы, Талғатбек Әлихан Қайратбекұлы.

Айта кетейік, Ерлан Баймұратов Forbes тізіміндегі Қазақстанның ең дәулетті адамдарының тізіміне кіреді. Оның иелігінде «KazFoodProducts» ЖШС бар, осы компания арқылы ол «Баян Сулу» АҚ (кондитерлік компаниясының) мажиритар акционері және «АзияАгроФуд» АҚ ірі үлесі бар. Сонымен қатар, «Самал Финанс» компаниясында да оның үлеске ие.

 Ал, «Samal Invest Group» ЖШС құрылтайшыларының бірі Айдархан Сарсембаев – «KazFoodProducts» ЖШС 5%-ына иелік етеді және осы компанияда Бас директордың өндіріс және өсімдік шаруашылығы жөніндегі орынбасары.

Ал, Тимур Садықов – « Баян Сулу» АҚ Басқарма төрағасы. Әлихан Талғатбек – «KazFoodProducts» ЖШС бас директоры.

Сондай-ақ оқыңыз