Қазақстанның әуе нарығына Вьетнам әуе компаниясы келуі мүмкін

Жарияланды
Қазақстанның әуе нарығына Vietjet air авиакомпаниясы келуі мүмкін / Фото: kursiv.media

Қазақстан нарығында жалпы саны 5 әуе компаниясы жұмыс істейтін болады. 4-і отандық авиакомпания болса, 5-шісі бұл нарыққа шетелден кіреді. Бұл жайлы Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.

Атап айтқанда, Қазақстан тарапы қазіргі таңда Вьетнамдық Sovico Holdings әуе компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Жалпы, еліміз бұл бағытта бірнеше шетел компанияларын қарастырып жатқанын айтқан министр Sovico Holdings-тің еншілес компаниясы Vietjet air-мен көбірек жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

«Әлі толық шешім шығарылған жоқ. Қазіргі таңда бірнеше елдердің компанияларымен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Sovico Holdings компаниясымен терең жұмыстар жүргізілді. Sovico Holdings-тің еншілес компаниясы Vietjet air бар. Олар көбінде лоукостер ретінде көпке танымал. Олардың үлкен әуе паркі бар. Сол себепті де осы компаниямен көбірек жұмыс істеп жатырмыз», деді министр.

Десе де, екі елдің әлі де нақты шешім шығармағанын айтты. Біздің тарап компанияның Қазақстанда тіркелгенін талап етіп отыр. Яғни құрылтайшысы шетелде орналасқан, қазақстандық компания пайда болады. Ол ел ішінде жолаушы тасымалдаумен айналысады. Нарыққа келген жаңа компания билет саясатына әсер етпей қоймайтынын айтады министр.

«Билет саясатына тоқталатын болсақ, сұраныс пен ұсыныс билет бағасына қатты әсер етеді. Сұраныс былтырғыға қарағанда 26%-ға өсіп отыр. Былтыр 8 айдың қорытындысы бойынша 7 млн жолаушы тасымалданса, биыл сәйкесінше 8 млн-нан асты», деді министр.

Бәсекелестік бағаларлың түсуіне себеп болуы мүмкін. Сонымен бірге министр бағалардың тұрақтауына ұшақтардың санын көбейту арқылы қол жеткізуге болатынын айтты.

«Былтыр отандық авиакомпаниялар 14 ұшақ алған. Биыл тағы да 11 ұшақ алады. Нәтижесінде Қазақстан ұшақтарының саны 100-ге жетеді және ондағы орындықтар саны 12 мыңнан 15 мыңға артады. Яғни 3 мың орын қосылады. Ал 2024-2025 жылдарға қарай тағы 30 ұшақ сатып алуды жоспарлап отырмыз. Солайша орындар 20 мыңға жетеді», деді Марат Қарабаев.

Осыған дейін «Курсив» Вьетнамның SOVICO Group компаниясы Қазақстанда сауда-логистика орталығын ашуға ниетті екенін жазған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнамға ресми сапары барысында SOVICO Group басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунг пен Petrovietnam компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хоанг Куок Выонгты қабылдап, кездесу барысында энергетика және логистика салаларындағы ынтымақтастықтың перспективті бағыттары талқыланды. Сонда SOVICO компаниялар тобына кіретін VietJet Air лоукостері Қазақстанмен арадағы әуе қатынастарының санын арттыруды жоспарлап отырғаны айтылды.

SOVICO Group – Вьетнамдағы ең ірі әртараптандырылған конгломераттардың бірі. Компания энергетика, құрылыс, банк және қаржы, авиация салаларында түрлі жобаларды жүзеге асырады. 2022 жылы компанияның табысы 20,6 миллиард долларды құрады.

Сондай-ақ оқыңыз