Қаржы пирамидасын ұйымдастырған күдікті Украинада ұсталып, елге жеткізілді  

Жарияланды
Шығарушы редактор
финпирамида
Фото: shutterstock

Украинада жасырынып жүрген Қаржы пирамидасының басшысы елге қайтарылды. Ол 2017-2019 жылдары қаржы пирамидасын ұйымдастырып, салымшыларын 1,2 млрд теңге шығынға батырған.

«Украина Бас прокурорының кеңсесі Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының «LIDER» қаржы пирамидасын басқарды деген күдікпен іздеуде жүрген азаматты ұстап беру туралы өтінішін қанағаттандырды»,- делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Ол қылмыстық қудалау органдарынан жасырынғандықтан, халықаралық іздеу жарияланған. 2023 жылдың тамыз айында күдіктіні Украинаның құқық қорғау органдары ұстаған. Қазіргі уақытта ол Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды. Жоғарыда аталған қылмысы үшін оған 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Қазақстанда қаржы пирамидасына алданғандар саны 3 есе артқан. Қаржылық мониторинг агенттігі 22 қаржы пирамидасын анықтаған болатын.

23 маусымда Алматыда Mudarabah Capital қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға сот үкімі шығып, сот қаулысымен Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұған дейін ҚМА Шымкентте қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен «ПК Asar Baspana» қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлаған.

Одан бөлек, Батыс Қазақстан облысындағы департаменті жұртты 769 млн теңгеге алдаған «Chia Tai Pharmaceutical» компаниясының өкілдеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. 

Сонымен бірге Астана тұрғындарын 450 млн теңгеге алдаған «Семейный капитал» қаржы пирамидасына қатысты іс қозғалған.  

Сондай-ақ оқыңыз