Тоқаев 5G желісін мерзімінен бұрын, 2025 жылы толық қосуды тапсырды

Жарияланды
Шығарушы редактор

Коллаж: kursiv.media

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2025 жылға дейін 5G желісін кең көлемде енгізуді тапсырды. Бұл туралы ол Digital Bridge форумы барысында айтты.

5G желісін кең көлемде енгізу инновацияның дамуына тың серпін бермек. Бұл процесс Қазақстанда қазірдің өзінде жүріп жатыр деген Президент Үкімет жұмысты мерзімінен бұрын аяқтауды тапсырды.

«2027 жылға дейін барлық облыс орталықтарын ұялы байланыстың жаңа буынымен қамту міндеті бұған дейін жүктелген болатын. Алайда технологияның қарыштап даму жағдайында біз де қарқынды арттыруымыз керек. Үкімет бұл жұмысты мерзімінен бұрын, яғни 2025 жылдың соңына дейін аяқтауы қажет», – деді ол.

Президент мерзімнің өзгеруі көрсетілетін қызметтердің сапасына әсер етпеуге тиіс деп тұжырымдайды.

«Бұдан бөлек, бұл мақсатқа жету үшін төменгі орбитадағы спутниктік жүйелердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, шалғай аудан тұрғындарын интернетпен қамтамасыз ету маңызды. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы керек. Қажет болған жағдайда заңнамаға өзгерістер енгізуге болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

5G – бұл технологиялық дамудың жаңа деңгейі, ол азаматтардың интернетке қолжеткізу мүмкіндігін әлдеқайда арттырады. Әлемде 5G-ді алғаш болып Оңтүстік Корея енгізді. Қазір ол елде 200 мың базалық станция орнатылып, бесінші буын жабыны республиканың 85 қаласын қамтыған. Бесінші буынды сәтті енгізген Жапония елі қазір тіпті 6G байланыс буынының алғышарттарын жасай бастапты.

2021 жылы жеке операторларға Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкентте 5G технологиясын тестілеу құқығы берілген еді. Жүргізілген сынақтар жақсы нәтиже көрсетікен: жиілікті қамтудың тиімді аймағы – 10 шаршы км астам, жылдамдық көрсеткіші – 1,6 Гбит/с дейін, кідіріс деңгейі – 10 мс кем болған. 

Бұған дейін телекоммуникация комитетінің басшысы Ержан Мейрамов 2027 жылы 5G еліміздің 75 пайызын қамтиды деп мәлімдеген еді. Бірақ бұған 1,2 трлн теңге көлемінде қаражат керек.

Енді бұл жұмыс 2 жыл ерте бітуі керек. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин биыл Астана, Алматы, Шымкент және кейбір облыс орталықтарында 5G енгізілетінін айтқан болатын. 5G арқылы қалалардағы 170 мыңнан аса үйде аса жылдам интернет желісін қосу жоспарланған.

Желтоқсан айының соңында Kcell «Қазақтелекомға» тиесілі басқа үш оператормен (active, Tele2 және Altel) бірге Қазақстан тарихында алғаш рет 5G жиілік диапазонын ойнатқан аукционда жеңді. Аукцион нәтижесінде олар 156 млрд теңге төлейді: бірінші лот бойынша 62,7 млрд, ал екінші лот бойынша 93,87 млрд.

Мамыр айында Kcell ұялы байланыс операторы 3700-3800 МГц диапазонында 5G желісін орналастыру үшін мемлекеттен жиіліктерді пайдалану құқығын сатып алу мәмілесін аяқтағанын хабарлады.

«Қазақтелеком» 2027 жылға дейін бүкіл Қазақстан бойынша 7 мыңнан астам 5G станцияларын орнатпақ.

Сонымен қатар Қазақстанда жаңа 5G мобильді операторы пайда болады. Бұл жайлы өзінің фейсбуктағы парақшасында Freedom Holding Corp басшысы Тимур Турлов жазған.

«Біз алдымызға бірнеше жылдың ішінде мүлдем жаңа 5G ұялы байланыс операторын құру міндетін қойдық. Еліміздегі ең маңызды мәселелердің бірін өз мойнымызға алуға тырысып жатырмыз. Интернеттің бүкіл ел үшін қолжетімді болуын қалаймыз», – деп жазды кәсіпкер өз парақшасында.

Сондай-ақ оқыңыз