Фото: shutterstock.com
Ev-volumes аналитиктерінің мәліметі бойынша, әлем бойынша электромобиль сатылымы қарқынды өсіп келе жатыр. Биыл бірінші жарты жылдықта BEV және PHEV компанияларының 6 млн жаңа көлігі нарыққа жеткізілген. Бұл 2022 жылдың бірінші жартысынан 40 пайызға жоғары көрсеткіш. 2022 жылы Tesla Model Y көлігі көп сатылған (771,3 мың автокөлік). Одан кейінгі орындарда BYD Song Plus (477,1 мың) пен Tesla Model 3 (476,3 мың). Электромобильдер біздің елімізде де жиі жүйтки бастады. Қазір Қазақстанда 4,4 млн жеңіл автомобиль бар болса, соның 4,7 мыңы – электр энергиясын тұтынатын көліктер (отандық автопарктің 0,11 пайызы).
«Астана» халықаралық қаржы орталығы жақында жариялаған зерттеуінде дүниежүзіндегі және Қазақстандағы парниктік газдар мен ауаны ластау көздерінің бірі негізінен қазбалы отынмен қамтамасыз етілетін көлік секторы саналады делінеді.
«Парниктік газдар климаттың өзгеруіне әкеліп соғады, оны БҰҰ экожүйелерге, инфрақұрылымға, адам өмірі мен денсаулығына тікелей физикалық қауіп-қатер төндіретін қазіргі заманның ең күрделі проблемалардың бірі ретінде таныды. Осыған байланысты көлік секторындағы көміртегі шығарындыларын азайту – атмосфераға парниктік газдар шығарындыларын азайту және ауа сапасын жақсарту үшін маңызды шара. Бүгінде жаһандық деңгейде көліктің баламалы түрлеріне, атап айтқанда көмірқышқыл газын шығармайтын электромобильдерге көшу қарқын алуда. Түрлі зерттеулер көрсеткендей, электромобильдің бүкіл өмірлік циклі, соның ішінде өндіру, пайдаланылатын энергияның шығу көзі мен утилизацияны ескере отырып, пайдалануды қоса алғанда, электрлік көліктер әдеттегі жанармаймен жүретін көліктерге қарағанда, әдетте, аз шығарындылар шығарады», деп жазылады зерттеуде.
Қазақстанда соңғы жылдары электромобильдердің саны қарқынды өсіп келеді, алайда электр отынмен жүретін көліктердің үлесі әлі де аз, жоғарыда айтқанымыздай 1 пайыздан кем. Бұл тұрғыда жасыл көлікке көшуді ынталандыру үшін көлік салығынан және утиль алымнан босату сияқты түрлі шаралар енгізілуде. Сарапшылардың айтуынша, дегенмен бензин немесе электр көлігін сатып алудың бастапқы құнының жоғары болуы, қуаттау стансалары инфрақұрылымының дамымағаны, мамандандырылған қызметтердің және қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етудің жоқтығы сияқты кедергілер әлі де бар.
«Сонымен қатар еліміздің бизнес-қоғамдастығы мен қаржы институттары жаһандық жасыл көшуден шет қалып отырған жоқ. Компаниялар бірте-бірте өз көліктерін электромобильдер мен электравтобустарға, соның ішінде өздерінің жаңартылатын энергия көздерімен жұмыс істейтіндерге ауыстыруда. Банктер электромобиль сатып алу үшін жасыл автокөлік несиелерін бере бастады. Дегенмен халық пен бизнес арасында электрлі көліктерді барынша жаппай танымал ету үшін тиімді сұранысты арттыру, бүкіл ел бойынша қуаттау станциялары мен қызметтерінің инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ экологиялық таза көліктердің отандық өндірісін дамытудың қосымша шаралары қажет», деп есептейді мамандар.
Жаһандық деңгейде көлік құралдарынан парниктік газ шығарындылары мен ластаушы заттарды азайту үшін электромобильдер өндірісін ұлғайту және осы көлік түрлеріне көшу бойынша қозғалыс белсенді қарқын алуда. Электромобильдерде түтін шығатын мұржа жоқ және қозғалыс кезінде көмірқышқыл газының шығарындыларын шығармайды. Бұл ауаның ластануын айтарлықтай төмендетеді. Бір жылдан астам уақыт ішінде жолдардағы бір ғана электромобиль СО2 шығарындыларын орта есеппен 1,5 миллион грамға (немесе жылына 1,5 т) азайта алады.
Қоршаған орта жөніндегі Еуропа агенттігінің электромобильдер туралы есебіне сәйкес, электромобильдердің ПГ шығарындылары бензин мен дизельді автомобильдерге қарағанда шамамен 17-30 пайызға төмен болды. Әйткенмен әңгіменің екінші қыры да бар. Электромобиль қозғалыс кезінде лас заттарды бөліп шығармағанымен, оны құрастыру кезінде қоршаған ортаға тәуір залал келеді. Әлемнің көптеген еліндегі электр желілері әлі де көмір немесе мұнай сияқты қазба отындармен жұмыс істейді және электромобильдер қуат алу үшін осы энергияға тәуелді. Сондай-ақ электромобиль өндірісі кезінде шығарылатын шығарындылар, әдетте, автомобильдікіне қарағанда жоғары болады. Электромобильдің бүкіл қызмет ету мерзіміндегі CO2 шығарындыларының үштен бірінен астамы автомобильдің өзін өндіруге жұмсалатын энергияға тиесілі. Бұл электромобильдің ажырамас бөлігі болып саналатын литий-ионды батареяларды өндірумен байланысты екен.
Алайда оның қызмет ету мерзімі ішінде электромобильмен байланысты ПГ шығарындылары, тіпті электромобиль өндірісінің шығарындыларын ескерген күннің өзінде, бензинмен жұмыс істейтін орташа көліктен төмен болады. Ұлыбританиядағы Кембридж, Эксетер және Нидерландыдағы Неймеген университеттерінің зерттеушілері дүниежүзінде 95 пайыз жағдайда бензинмен жүретін көлікке қарағанда электромобильмен жүру қоршаған орта үшін қауіпсіз екенін анықтапты.
Bloomberg New Energy Finance болжамына сәйкес, 2040 жылға қарай бүкіл әлем бойынша электромобильдердің сатылымы жылына 56 миллион бірлікке жетеді. Еуропалық Одақтың «Жасыл күн тәртібіне» сәйкес, 2035 жылға қарай сатылған барлық жаңа машиналар электр негізінде болуы керек. 2025 жылға қарай ЕО-да сатылған әрбір бесінші автомобиль электромобиль болады деп күтілуде, ал 2035 жылға қарай іштен жану қозғалтқышындағы автомобильдердің сатылымына мүлдем тыйым салынады. Нөлдік шығарындыларға аралық қадам ретінде жаңа CO2 стандарттары сонымен қатар 2030 жылға қарай жаңа автомобильдер шығарындыларының орташа деңгейін 55 пайызға және 2030 жылға қарай жаңа фургондарды 50 пайызға төмендетуді талап етеді. АҚШ 2030 жылға қарай барлық көліктердің сатылымының жартысы электромобильдерге тиесілі болады деп жоспарлап отыр.
Сарапшылардың айтуынша, елімізде бензинмен жүргенге қарағанда электрокармен жүру 3 есе арзанға түседі. Энергетика министрлігінің есептеуінше, 1 электромобиль жылына орташа алғанда 3 400 кВт/сағат энергия тұтынады, ал 2035 жылға қарай электромобиль секторындағы жалпы тұтыну көлемі 136 млн кВт/сағатқа жетпек.
«Қазақстанда қашықтығы 500 км, қуаты 350 кВт және аккумулятор сыйымдылығы 85 кВт/сағ (Tesla) электр көлігімен жүрудің әрбір километрінің құны 8,5 теңгені құрайды (қалалық циклде). Салыстыру үшін, бензин багінің көлемі 60 литр болатын Toyota Camry (XV70) 2,5 автокөлігінің әрбір шақырымына жанармай құны 19,06 теңгені құрайды (қалалық циклде АИ 92 бағасы 205 теңге болған жағдайда қалалық циклде 100 шақырымға 9,3 литр жаққанда). Еліміз бойынша жыл сайынғы орташа жүріс 20 000 километрді ескере отырып, электромобильді қайта қуаттауға арналған жылдық шығындар 1 квт/сағ үшін 50 теңге мөлшеріндегі тарифті ескере отырып, 170 000 теңгені құрайды, бұл ішкі жану қозғалтқышы бар автомобильді ұстауға арналған жылдық шығындардан 2,7 есе арзан», деп ақпарат береді сарапшылар.
Осыншама тиімділігіне қарамастан халық жаппай электромобиль сатып алуға дайын емес. Оған бірнеше себеп бар.
- Дәстүрлі автокөліктерге қарағанда электромобилің бастапқы құнының қымбаттығы;
- Жеткілікті дамымаған инфрақұрылым: елде электр қуаттау бекеттері, мамандандырылған сервис нүктелері және бөлшек жеткізу қызметі жетіспейді;
- Электромобильді қайталама нарыққа сату кезіндегі қалдық құнының белгісіздігі.
Дегенмен мемлекет экологиялық таза транспорт түріне ауысуға қатысты белгілі бір шараларды жүзеге асыруға мүдделі. Мәселен, осы бағытта электрмобиль иелері кедендік баж салығын, утильалым және көлік салығын төлеуден босатылды.
«Соңғы кезде жеке сектордың электромобильдерді пайдалануға көше бастағанын байқаймыз. Бүгінгі таңда қазақстандық компаниялар электромобильдер мен электроавтобустарды қоса алғанда, компаниялардың электр көлігін зарядтау үшін ЖЭК-пен жұмыс істейтін дербес қуаттау станциясын орнату бойынша жобаларды іске асыруда. Атап айтқанда, компаниялардың автокөлік тұрақтарында қуаттау станциялары орнатылады және іргелес аумақта немесе ғимараттың төбесінде күнэлектрлік жүйесі немесе жел электр қондырғысы сияқты жаңартылатын энергия көздерінің объектілері орнатылады. Осылайша, қуаттау станциялары ЖЭК нысандарынан электр энергиясын алады және жаңартылатын көздерден электр энергиясы арқылы электр көлігіне қуат беру қамтамасыз етіледі, бұл компанияның көміртегі шығарындыларын азайтады және экологиялық таза қызметке ықпал етеді», делінген арнайы зерттеуде.