Президент жарлығымен заңсыз иемденілген активтерді заңды жолмен қайтаратын арнайы мемлекеттік мекеме құрылды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанына құрылған «Активтерді қайтару жөніндегі комитет» өз жұмысын ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырады.
«Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Активтерді қайтару комитеті заңсыз сатып алынған мүлікті қайтару жөніндегі уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мемлекет мүддесі үшін мүлікті қайтару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ведомство саналады», делінген құжатта.
Комитет өз қызметін Конституцияға, «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға, Қазақстан Республикасының заңдарына, Президент актілеріне және басқа да нормативтік құқықтық актілерге сүйене отырып жүзеге асырады.
Мемлекеттік мекеменің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, қазынашылық органдарында шоттары, өз атауы қазақ тілінде және өзге де тілдерде жазылған мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері болады.
«Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Мүлікті қайтару жөніндегі комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі – активтерді қайтару жөніндегі субъектілер тізілімінің толықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етуге және оны жүргізуге, құқық қорғау органдарына, арнаулы мемлекеттік органдарға және өзге де мемлекеттік органдарға заңды бұзу фактісіне қатысты мәліметтерді, деректер мен құжаттарды уақтылы беруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес талап етілетін өзге де шараларды қабылдауға міндеттеледі.
Сонымен бірге мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын құпияларды құрайтын алынған мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етуі тиіс. Комитет заңсыз сатып алынған мүлікті мемлекетке қайтару саласында мемлекеттік органдармен заңнамада белгіленген тәртіппен өзара іс-қимыл жасауға жауапкершілік алады.
Осылайша комитет басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп заңсыз сатып алынған мүлікті мемлекетке қайтару саласындағы мемлекеттік саясат пен стратегияны әзірлеуге және іске асыруға қатыса алады.
«Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен заңсыз алынған мүлікті қайтару, іздестіру (ашу), шығу тегін растау, алдын ала уақытша шараларды, уақытша шараларды қолдану және мемлекетке қайтару мақсатында қылмыстық құқық, әкімшілік құқық және азаматтық құқық салаларында халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты жүзеге асырады», делінген құжатта.
Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен өз құзыреті шегінде халықаралық шарттар бойынша міндеттемелердің орындалу жай-күйінің мониторингін қамтамасыз етеді.
Жарлық қол қойған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
2023 жылдың 12 шілдесінде Президент «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды. Соның негізінде аталмыш комиссия және «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» құру көзделген еді. Комиссияның құрамына Үкімет мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері бар.
Жақында Қаржы министрлігі осы активтерді басқару тәртібін бекітті. Ережеде негізгі 6 тәсіл анықталған. Олардың арасында мүлікті жалға беру де бар.