АҚШ-тың Ішкі кірістер қызметі «(IRS ) Microsoft корпорациясына 29 миллиард долларға жуық салықты төлемегені туралы хабарлама жіберген. Бұл туралы компания өзінің ресми сайтында жазды.
АҚШ Ішкі кірістер қызметі компанияның 2004-2013 жылдар аралығында салық төлемегенін анықтаған. Бұл соманың ішінде төленбеген салықтан бөлек, айыппұлдар мен жылдар бойы жинақталған пайыздық өсімдер де бар.
«Біз бұл шешіммен келіспейміз және IRS әкімшілік апелляциялық қызметі арқылы және қажет болған жағдайда сот ісін жүргізу арқылы батыл түрде қарсы шығамыз. Біз бұл мәселенің алдағы 12 ай ішінде шешіле қоятынына күмәніміз бар», – деп мәлімдеді компания.
Компанияның мәлімдеуінше, салық органдарымен келіспеушілік Microsoft корпорациясының осы уақыт кезеңінде түскен табысты елдер мен юрисдикциялар арасында қалай бөлгеніне байланысты туындаған.
Бұл іс бойынша апелляциялық процес бірнеше жылға созылуы мүмкін және Microsoft корпорациясы IRS-пен тікелей келісімге келе алмаса, компания сотқа жүгінуді жоспарлап отыр.