Air Astana Қытай мұнай өңдеу зауыттарынан тікелей авиа отын импорттамақ

Жарияланды

фото: kursiv.media

Air Astana және PetroChina International Kazakhstan стратегиялық әріптестік туралы Меморандумға қол қойды. Оған сәйкес, авиакеросинді жеткізу мәселелері бойынша ынтымақтастық орнатылмақ, сондай-ақ инфрақұрылымды құру және Jet a-1 авиациялық отынның халықаралық стандартына көшу жұмыстарын жүргізбек.

Қазақстанда Jet a-1 авиациялық отын өндірісінің болмауына байланысты қос тарап аталмыш өнімді (Jet A1) және экологиялық таза авиациялық отынды (SAF) Қытайдың мұнай өңдеу зауыттарынан тікелей импорттау мүмкіндігін талқылап жатыр.

Air Astana компаниялар тобының президенті Питер Фостердің хабарлауынша, авиакомпания авиация саласындағы инновациялық және экологиялық жасампаздықты игеруге, енгізуге ерекше мән беретін болады:

Біздің авиакомпания маршруттық желіні белсенді түрде кеңейтіп, әуе паркін жаңа ұшақтармен ұлғайтып жатыр. Отынмен қамтамасыз ету мәселелерін дұрыс жолға қою – Air Astana-ның одан әрі өсуі мен дамуы үшін көмек болары сөзсіз. ESG стратегиясының бір бөлігі ретінде авиакомпания авиацияда инновациялық және экологиялық тұрақты бастамаларды енгізуді қолға алады, – деп мәлімдеді.

Айшықтай кетейік, Jet A – халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (1-IATA) стандарттарына сәйкес келетін отын түрі. Jet A1 әлемдік брендінің Қазақстанда қолданылатын КО-1/РТ маркаларынан негізгі айырмашылығы – өндіріс және қауіпсіздікті сақтау технологияларында кең қолданылуы. Әрі Jet a-1-дің өртке айналу қаупі төмен, құрамында атмосфераға шашылатын газдардың үлесі аз, авиациялық қозғалтқыштардың қалыпты жұмыс атқаруына ықпалы зор.

AirAstana – Алматы қаласында орналасқан әуекомпания. Бұл Алматы халықаралық әуежайы мен Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан 42 бағыт бойынша ішкі және халықаралық тұрақты рейстерді орындайтын Қазақстандағы ең ірі әуе компаниясы. Компания 2001 жылдың қазан айында құрылған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры (51%) мен британдық BAE Systems PLC (49%) компаниясының бірлескен кәсіпорны. 2002 жылы 15 мамырда Алматы – Астана бағытында алғашқы рейсін орындады.

«Эйр Астана» әуе паркінде 43 ұшақ бар. 2023 жылдың соңына дейін компания тағы жеті ұшақ алуды жоспарлап отыр. 2027 жылдың соңына дейін авиатасымалдаушы флоты 64 ұшақты құрайтын болады.  

30 мамырда өткен үкімет отырысында Әлихан Смайылов елдегі әуе билетінің бағасын сынап, «Еуропа, АҚШ-тан екі есе қымбат» деген еді. 

Кейіннен ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов бірнеше нысандарға IPO/SPO жүргізуді көздеп отырғанын айтқан. Соның негізінде, 2024 жылығы «Эйр Астана» IPO-сында азаматтарының өтінімдері басымдықпен қанағаттандырылатыны хабарланды.  

«Эйр Астана» компаниясының нарықтағы «буынын қатайту» жайын мемлекет басшысын өзі арнайы мәлімдеген-тұғын:

«Басты мақсат – активтерді басқару ісінің ашықтығын және тиімділігін барынша арттыру. «Самұрық-Қазына» қорының бейінді емес активтерінің бәрі жеке меншікке және халықтық ІРО-ға өтуі керек. Үкімет бұл жұмысты 2024 жылдан бастап қолға алады. Келесі жылы Air Astana компаниясы халықтық ІРО-ға шығарылады. QazaqGaz кәсіпорны да осы жұмысқа дайындалуы керек. Ірі компаниялардағы мемлекет активтері саудаға шығуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз