Құрылыс компаниялары мемлекетке қол жая бастады ма: олардың банктерден алған 32,7 млрд теңге несиесі субсидияланады

Жарияланды

Жуырда «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ тұрғын үй құрылысымен айналысатын компаниялардың несиесін мемлекет субсидиялайтынын хабарлады.

Ресми ақпаратқа назар аударсақ, құрылыс компанияларының екінші деңгейлі банктердегі жалпы сомасы 32,7 млрд теңгеге 41 несиесі субсидияланады. Олардың барлығы жалпы құны 95,4 млрд теңгені құрайтын баспана салуға бағытталған жобалар.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, ел экономиканың өсуіне басты үлес қосқан, іскерлік белсенділік артқан негізгі салалар қатарында дәл осы құрылыс секторы бар. Олай болса онсыз да қарқынды дамып келе жатқан бағытты қосымша қолдаудың қажеті  бар ма? Субсидияға қаржы қайдан алынады?

Осы сұрақтардың жауабын экономист Бауыржан Шурмановтан сұрадық.
Сарапшы мемлекеттік субсидиялардан бас тарту керек деп есептейді. Оның пайымынша, көмек, әдетте, мықты компанияларға емес, әлсіз және құрдымға кетіп бара жатқан мекемелерге беріледі.

«Жағдайды нарықтың өзі реттеуі керек, кім күшті болса, соның тасы өрге домалайды. Бүгінде ұзақ мерзімді субсидиялар бизнес көзіне айналды. Кейбір кәсіпорындар осындай қолдаудың арқасында жұмыс істеуді әдетке айналдырды. Тұрғын үй құрылысына келер болсақ, Қазақстанда онымен айналысатын компаниялар көп және оларды мемлекет тарапынан субсидиялаудың керегі жоқ деп есептеймін. Үкімет бюджет ақшасын жұмсайтын болса, кімге қанша, не үшін бөлетінін нақтылап отыруы керек. Ал субсидия берілетін болса, неліктен бұл бағытта қаржы бөлінгенін білуіміз шарт», – деді экономист.

Мемлекет бұл ақшаны қайдан алады? Сарапшы бізде бюджетаралық трансферттер барын айтады.

«Яғни бюджетті жоспарлау кезінде біз түсімдерден артық жұмсаймыз, сондықтан тапшылықтың орнын Ұлттық қордан алынған қаржымен толықтырамыз. Бұл жағдайда субсидия беру үшін Ұлттық қорға  «қол салу» соңғы қадам деуге болады. Мемлекеттік облигацияларды орналастыру арқылы қаражат тарту мүмкіндігі бар, яғни пайыздарды көтеруге болады. Бірақ бұл шығын еселене түседі деген сөз. Былайша айтқанда, біз аталған компанияларды көмектесіп, қолдаймыз, оның үстінен пайыз төлейміз», – деп түсіндірді сарапшы.

Сондықтан ол құрылыс компанияларының несиелерін субсидиялаудың мәні түсініксіз деп есептейді. Осы орайда сарапшыдан «қандай секторларды қаржыландырған дұрыс?» деп сұрадық.

«Ешбір секторды қаржыландырудың қажеті жоқ. Әсіресе, тұрғын үй құрылысына қаржы бөлудің керегі шамалы. Бізде тұрғын үй құрылысына мемлекеттің араласуы баспана бағасының өсуіне алып келеді. Халықты баспанамен қамту туралы бастамалардың нәтижесінде бірінші кезекте құрылыс компаниялары мен құрылыс секторы пайдаға кенеледі. Бұған нақты мысалдар бар. Басқа секторларда да дәл осындай жағдай қалыптасады. Қолдаудың соңы қымбатшылыққа алып келеді», – деп есептейді Бауыржан Шурманов.

Сондықтан ол саланы қолдаудың қажеті жоқ деп санайды. Оның орнына маман нарыққа мықты ойыншыларды тартуды ұсынды. Бұл салада бәсекелестікті арттырып, ойын ережелерін өзгертеді.

Нәтижесінде әлсіз ойыншылар нарықтан кетіп, ілгері дамып келе жатқан компаниялар мықты ойыншыларға айналады.

«Мемлекеттік субсидиялар туралы айтқанда АҚШ-тағы Йеллоустоун қорығын мысалға алғым келеді. Мәселен, қорықтағы жануарларды қолдан тамақтандырғанда олардың саны азайып кетті, кейін жыртқыш аңдар келген соң аталған аймақ гүлдене бастады. Сол сияқты біздің нарыққа шетелдік Tele2 ұялы байланыс операторы келген кезде нарықта бәсекелестік артып, баға өзгерді. Меніңше, құрылыс саласына да өзгеріс керек. Мен ел нарығына қытайлық компанияларды тартуды ұсынар едім», – деп түйіндеді экономистр.

«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамы – ипотекалық несиелеу және жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету тетіктері арқылы Қазақстан Республикасының халқын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың қаржылық операторы болып табылады.

Оның жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі.

Ұйымның басты мақсаты – Қазақстан Республикасының азаматтары үшін тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру, ипотекалық нарықтың дамуын ынталандыру; мемлекеттік бағдарламаларды дамыту; жалға берілетін тұрғын үймен қамту; ипотекалық несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау.

Қазақстан қор биржасындағы соңғы ақпаратқа сүйенсек, компания акцияларының нарықтық құны – 26 420,10 млн теңге немесе 55,36 млн АҚШ долларына бағаланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз