ҚШФ басшысы әлемнің әйгілі шахматшысы Магнус Карлсенді жеңген Әлішер Сүлейменовті жеңісімен құттықтады

Жарияланды
шахматы
Фото: ҚШФ

Қазақстан шахмат федерациясының президенті, Freedom Holding Corp басшысы Тимур Турлов шахмат сайысында әйгілі Магнус Карлсенді жеңген Әлішер Сүлейменовті жеңісімен құттықтады.

«Әлішер Сүлейменовті жеңісімен құттықтаймын! Ол әлемдік шахмат рейтингінің көшбасшысы саналатын Магнус Карлсенді жеңді. Qatar Open аясында өткен ең беделді бұл турнирге әлемнің 150-ден астам ең мықты шахматшылары қатысты. Оның ішінде Хикару Накамура (АҚШ) және Аниш Гири (Нидерланды) сияқты гроссмейстерлер бар», деп жазды өзінің әлеуметтік парақшасында Тимур Турлов.

Freedom басшысы сонымен бірге  Қазақстан шахмат федерациясы спортшыларға үнемі қолдау көрсетіп, жеңіске жетуіне жол салатынын, ал FIDE рейтингінде 528-ші орынға көтерілген Әлішердің жетістігі үшін шын жүректен қуанатынын жеткізді.

«Әлішердің бұл жеңісі – (FIDE рейтингінде 528-ші қатар) психологиялық тұрғыдан алғанда, ең маңызды жеңіс. Ол шахмат көшбасшысын жеңді. Бірақ бұл – оның шахмат маусымындағы жалғыз жеңісі емес. Жақында гроссмейстер Азия құрлық біріншілігінің қола жүлдегері атанды. Мен Әлішер үшін шын жүректен қуаныштымын және бұл жеңісті мақтан тұтамын. Бұл жетістік @kzchessfederation-ның спортшыларға жүйелі жаттығулар аясында да, нақты старттарға сапарлар кезінде де көрсетіп отырған үлкен қолдауының нәтижесі», деді ол.

Сөз соңында, турнирге қатысып жатқан Ринат Жұмабаев, Қазыбек Нөгербек, Алуа Нұрманова, Бибісара Асаубаеваларға сәттілік тілеп, жаңа жеңістер тіледі.

Айта кетсек, шахматтан ашық турнир Дохада өтіп жатыр. Биыл бұл сайыста әлемнің 44 елінен 252 шахматшы бақ сынауда. Қатысушылар арасында 60-тан астам гроссмейстер бар.

Әлішер Сүлейменов екінші турда аты аңызға айналып үлгерген әлемдік рейтинг көшбасшысы Магнус Карлсенмен қарсыласты.

«Сүлейменовтен 300 ұпай басым тұрған норвегиялық чемпион қарсыласына тиісті «құрмет» көрсетпей, ойынның ортасында бірнеше осал қимылдар жасап, лайықты жазаға тартылды. Әлішер Магнустың алдында еш қынжылмады. 31-ші қадамда, сөзсіз жеңіліске бара жатқан Карлсен мырза сағатты тоқтатты», делінген Шахмат федерациясының әлеуметтік парақшасында.

Сондай-ақ оқыңыз